Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің барлық өңірлерінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» республикалық жобасын іске асыруға арналған іс-шаралар өткізуді бастады. Жоба аясында бүгін облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында «National bookdating» акциясы өтті. Іс-шараға жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттер, мектеп оқышылары қатысты.
Акцияда А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Раушан Бабажанова рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаның маңыздылығын сөз етті.
«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайтындығын, сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керектігін атап өткен болатын. Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынған еді. Жоба бойынша жақында 18 оқулық жарыққа шықты. Олар экономика, философия, тарих, тіл білімі, жалпы әлеуметтік-гуманитарлық салаларды қамтиды. Оқулықтың әрқайсысы 10 мың данамен басылады. Алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлеріне таратылып, кітапхана сөрелерінен табылатын болады», — деді Раушан Бабажанқызы.
Іс-шараны облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов қорытындылап, жоба аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы жоспарлаған ауқымды іс-шаралар жөнінде айтты.