Зиянкестердің қанаты қатпай жатып, көзін жою керек. Жауаптылар шегірткемен күресті бастап кетті. Биыл зиянкестермен күрес жұмыстары өңірдегі 350 мың гектар алқапта жүргізілетін болады. Қауіптің алдын алу мақсатында үйірлі шегіртке тектес зиянкестермен жұмысқа аса жауапкершілікпен дайындық жүргізіліпті.
Өңір басшысы шегірткеге қарсы жұмылдырылатын техниканы аралап, дайындығын тексерді. Биыл үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары өңірдегі 350 мың гектар алқабында жүргізіледі. Оның басым бөлігі жер үсті агрегаттарымен, 40 пайызы авиациямен өңделеді.
Қуаныш Жарымбетов, жүргізуші: «Шымкент қаласының тұрғынымын. Жұмыс қазір осында. Былтыр Сарыағаш ауданындағы Әлімтау ауылында дәрілеу жұмыстарын жүргіздік. Анықтаушылар ошағын анықтауда шатасқаны бар. Техникада тұрған ештеңе жоқ. Бізге мына жерлерді залалсыздандырыңдар деп қажетті препараттармен қамтыса болғаны. Биыл ертерек қамдандық, қажетті жеңіл көліктер көптеп бөлінді». Шегірткелердің ошағын анықтауға 128 фитосанитар, 83 қызметтік автокөлік жұмылдырылған. Бұдан бөлек, маусымдық жұмысқа 278 адам мен 406 анықтаушы зерттеу жұмыстарына жұмылдырылмақ. «Өткен жылдарда жіберілген қателіктер биыл қайталанбауы тиіс»,- дейді жауаптылар. Нұрполат Тәліпов, Сарыағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: «2016 жылы Сарыағаш ауданында 158 мың гектарда ошағы бар деп сол алқапқа дәрілеу заттары бөлінген еді. Алайда, анықтаушылардың болжамы дұрыс болмай шегірткелер қаптап кеткен алаңдар белгілі болып, оларды залалсыздандыруға препараттар жетпей қалғанынан өздеріңіз де хабардарсыздар. Жуырда аудан әкімінің қаулысы шықты. Биыл шегіртке ошағы аудандағы 15 ауылдық округте анықталып отыр». Егістікті тойымсыз шегірткеден сақтап қалу үшін бүгінде аудан, қалаларда 11 штаб құрылған. Сондай-ақ, 43 су тасығыш техника мен дәрілерді ерітуге қажетті 91 су көздері, пестицидтерді уақытша сақтау қоймалары, ұшақтар қонатын орындар белгіленген. Нұржан Қашкенов, облыстық аумақтық инспекция басшысы: «Өткен жылдардағы жіберілген кемшіліктер ескерілуде, биыл ерекше көңіл бөлініп, 406 анықтаушы жұмылдырылды. Шегіртке болуы мүмкін деген аудандарда күрес шаралары бекітілген. 50 жұмыс тобы құрылды. Облыс әкімдігі жанындағы штабты облыс әкімінің бірінші орынбасары Әліпбек Өсербаев басқарады. Мен орынбасары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының да басшысы осы штабта. Облыс басшысы жиында аудан әкімдеріне аумақтық инспекциямен қоян қолтық жұмыс істеуді тапсырды. «Штабтың жұмысы жүйелі болса, егістік те жайылым жерлерді де зиянкестерден аман алып қаламыз», — дейді өңір басшысы.