Оңтүстікте түлектер жақсы іс жасаудан жарысуда

981

Шымкент қаласында М. Өтебаев атындағы жоғарғы жаңа технологиялар колледжінде түлектер өздері білім алған орданың абаттандыруға үлес қосты. «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің «Алтын ұям» жобасы бойынша жүзеге асырылып жатқан ізгі істің көпшілікке берері мол болды.

Іс-шара барысында түлектер өз қаражаттары есебінен белгілі қоғам қайраткері, ҚР білім беру ісінің үздігі, ЮНЕСКО-ның «Алтын медалі»,«Құрмет белгісі» және «Парасат» орденінің иегері, меценат Манап Өтебаевтың туғанына 80 жыл толуына байланысты ескерткіш қойды. Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар ел үшін туған М. Өтебаевты еске алып, өмірі мен еңбектерін кең көлемде дәріптеді, республикалық деңгейдегі білім саласы мен тәрбиеге қосқан үлесін дамытудағы еңбегіне арналған зерттеулері жайлы сөз қозғады.

Манап Өтебаев — білім саласында нарықтық экономика мамандарын даярлауда, студент жастарды отансүйгiштiкке тәрбиелеп, спортқа ынтық етуде орасан зор еңбек сіңірген ұстаз. Оқытудың жаңа әдістерін, тиімді жолдарын іздестіріп, жастардың шығармашылықпен де айналысуына жағдай жасады. Оның ауыртпалығы мол тоқырау жылдарында талай қайырымдылық қадамға баруы, бүтін бір балалар үйін қаржыландыруы – қай буынға болмасын, үлкен өнеге.

Сонымен қатар, түлектер колледждің шеберлік сыныбына қажетті құрал-саймандар әперіп, білім ордасының аумағына тал-терек отырғызды.