Фестивальдің мақсаты-қалалық, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың халыққа заманауи мәдени қызмет көрсету шараларын жақсарту, жұмыс сапасын арттыру, халық шығармашылығын дамыту, ауылдық клубтардың жанынан құрылған көркемөнерпаз ұжымдарына қолдау көрсету болып табылады.
Іс-шараға облыстық өнер фестивалінің ұйымдастыру алқасының мүшелері, аудан өнерпаздары мен зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.
Қонақтарды Арыс қаласының қақпасынан аттылы сері жігіт арнау ән айтып, ақ кимешекті әжелер дәм ұсынып қарсы алды. Аймақтың киелі, тарихи орнын таныстыру Арыс қаласынан 1,5 шақырым оңтүстік-шығыстағы Арыс өзенінің тік құламажар төбесінде орналасқан «Жекен Шайық» кесенесінен бастау алды.
Әулиелік кереметімен аңыздарға бай киелі орын тарихы таныстырылып, құран оқылса, сапар Ауған соғысы ардагерлеріне арналған монументке тағзым етуге ұласты.
Фестиваль талаптарына сәйкес Мәдениет үйінің фоесінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты көрме ұйымдастырылып, аудандағы мәдениет саласындағы атқарылған жұмыстар, қолөнер және қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды.
Шара Арыс қаласы және ауылдың өнерлі таланттары мен көркемөнерпаз ұжымдарының гала-концентіне жалғасып, халық шығармашылығының ән, би, күй, көркемсөз және жыр-терме, сатира, хор, оркестр жанрлары қамтылды. Әсіресе, «Рухани жаңғыру» композициясы мен «Ата аманаты» сахналық көрінісі жыл көлемінде ел болып рухани жаңғыру жолына бет алған тарихи жылнамамыздың мән-мазмұнын тереңдей ашса,
Ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы «Бақтыбай» күйі, қобызшылар ансамблінің «Айттым сәлем қаламқас» композициясы мен «Ауылым» әндері сынды бірқатар өнерлер қаймағы бұзылмаған қазақтың төл бейнесін танытты.
Фестиваль қазылар алқасы мен Арыс қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, мәдениет үйі және клуб меңгерушілері қатысқан баспасөз конференциясымен қорытындыланды.