Отаршылдық топонимдерден арылып, ұлттық атауларға көшу керек

789
"Атамекен атаулары" облыстық конференциясынан көрініс

Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғимаратында «Атамекен атаулары» тақырыбында облыстық конференция өтті. Сала мамандары ономастика саласындағы өзекті мәселелерді шешу әдістерін айқындап, еліміздегі тарихи атауларды қалпына келтіру  бойынша мамандарға әдістемелік көмек көрсетті.

Идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын тарихи жер-су атауларын ұлттық танымға жақын атаулармен өзгерту жөнінде ғалымдар ойларын ортаға салды. Соңғы он жылда отаршылдық топонимдерден арылу бағытында Оңтүстік өңірінде жұмыстар нәтижелі. Түбінде ономастикалық ұғымдар тарихи қалпына келуі тиіс. Өйткені бабаларымыз  жер атауларын адам атымен атамаған. Бұл үрдіс Кеңестік дәуірдегі тоталитарлық режимнен қалып қойған дейді олар.

Мекемтас Мырзахметов, ғалым

Мекемтас Мырзахметов, ғалым, абайтанушы: «Біздің бабаларымыз жер атауларын адам  атымен атамаған, ол кезде көше жоқ қой. Ал Кеңестік дәуір алдыменен отаршылдық топонимдерді енгізді. Содан кейін тоталитарлық жүйе кезеңінде өмірден өткен  бас хатшылардың есімімен атаулар бере бастады. Солтүстік өңірлерде елдімекендердің атауларының басым бөлігі  әлі де өзгерген жоқ. Ономастика ол саясат. Бүгінде ұлттық  санамызды жаңғыртуымыз керек. Сол арқылы  ескірген бұрынғы атауларды тарихи қалпына  келтіруіміз  қажет. Көшелерге бүгінде ата, әкелерінің есімдері беріліп жатыр. Алайда  үлкен ауылдарға адамдардың атын беруді шектеу  керек».

Жер атауының төркіні, елдің тұтастығын сақтап қалуда аянбаған тұлғалар жайлы халық арасында түсіндірме жұмыстары қолға алынуы тиіс деп есептейді жауаптылар. Жерлестеріміздің де айтары бар.

Қойшыбай Әлібаев, қала тұрғыны: «Тәуелсіздігімізге неше жыл болды, Павлодар, Петропавловск деген атаулардың орнына бұрынғы атауларын неге бермеске?»

Фатима Жоланова, қала тұрғыны: «Көшелерге  халық арасында беделі бар  азаматтардың атын  қойса  қарсы емеспін. Егерде шынымен үлесі болса».

Отаршылдық топонимдер «Чичерин», «Дмитриев», «40 лет Победы» сынды 12 елдімекеннің, 100- ден астам көше мен бірқатар мектептің атауларын ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту қажет деп есептейді сала мамандары.