Отырар ауданының топырағы зерттелуде

905

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында 45 адамға 180 млн. теңге көлемінде несие берілген. Нәтижесінде мал шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларында 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған. ОҚО әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур кезінде журналистер осындай бірқатар нысандарды аралап, жұмысымен танысты.

Е.Құлтаев мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке кәсібін ашқан жанның бірі. Ол 5 жыл мерзімге 7 млн. теңге несие алып, «Ағысай» тігін шеберханасын ашқан. Бүгінде қарамағында 4 жұмыскері бар.

Сондай-ақ, ауданда кәсіпкерлердің демеуімен балаларды балабақшамен қамту мәселесі де оңтайлы шешімін тауып келеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген Л.Жабатаеваның «Келдібек ата» балабақшасы осының дәлелі. Заманауи құрал-жабдықпен қамтылған бөбекжай 100 орынға шақталған. Бүгінде онда 23 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы ауданда мұндай 6 балабақша жұмыс істеп тұр.

Мұнан соң тілшілер «Үйде әлеуметтік қызмет көрсету» мекемесі жанынан ашылған «Күндізгі қатынау бөлмесіне» аялдады. Мүмкіндігі шектеулі балалар күтіміне арналған мекемеге 89 бүлдіршін есепке алынған. Оның 62-сі тірек-қимыл аппараты бұзылса, 17 баланың психоневрологиялық ауытқуы бар. Қазіргі таңда заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған үйде 22 бала 2 ауысымда әлеуметтік қызмет алуда.

БАҚ өкілдері Шәуілдір ауыл округіндегі Арыс өзені жағалауын абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Мұндағы құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталып, 2018 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Аудан басшысы бұл жұмыстар өзен жағалауын көріктендіру және тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанын жеткізді.

Отырар аграрлы аудан болғанымен, ондағы топырақтың сорлануы, ауа райының қолайсыздығы шаруаларды әбігерге салып келді. Осы мәселенің алдын-алу үшін аудан әкімі Е.Айтахановтың бастамасымен Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия институты ғалымдарымен бірлесіп, ғылыммен ұштастырып егін егу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Нәтижесінде шаруалар өнім көлемін арттырып, тәжірибенің тиімділігіне көз жеткізді. Қазіргі таңда аудандағы 3 мың гектар жерге топырақты зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.

Тарих пен шежіреге бай ауданға қызығушылық танытып келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан өңірдегі туристік кластерді дамыту маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Журналистер ауданымызға келген қонақтарға жағдай жасау мақсатында «Отырар төбе» қалашығы мен «Арыстанбаб» кесенесі аралығындағы жол бойына салынатын туристік нысандарының жобасын көріп, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне де ат басын бұрды. Музейдің көрме залы заманауи үлгіде қайта жабдықталып, жаңа жәдігерлермен толықтырылған болатын.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі