Парақорлық — болашағыңа жасаған қиянат

696

Облыс әкімінің мәжіліс залында жиналғандар түрлі деңгейдегі шенеуніктер. Агенттіктің өңір бойынша департаментінің арнайы әзірлеген бейнеролигінің әсерін байқау қиынға соқпады. Парақорлықтың арты — болашағыңа жасаған қиянат.

Қызметін пайдаланып, табыс көзіне айналдырған пысықайлардың темір тордың арғы жақта айтқан өкініштерін жүрекпен сезінген адам жемқорлыққа жол бермейді дейді топ мүшелері. Агенттіктің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин бұл күресті жеткіншіктерден бастауымыз керек деп есептейді.

Арман Бердалин, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры: «Мектептегі балаларға жемқорлық туралы айту ерте емес пе, олар әлі балалар ғой дегенге айтарым ерте емес. Өйткені жастайынан  заңсыз әрекеттер жайлы білген бала ертең қылмысқа бармайды. Мектепте қалам ұрлаған ертең қазынаға да қол сұғады. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күресті балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, ойын, әңгіме түрінде түсіндурі керек».

Сыбайлас жемқорлықпен күрестің алдын алу мақсатында өңірлерде агенттіктер, облыс әкімдігі жанында тәртіптік кеңес, партиялық бақылау комиссиялары жұмыс атқаруда. Алайда қоғамдағы бұл дертті жою былай тұрсын азайту қиынға соғуда.

Әли Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы: » Осы залда отырғандарды жемқорлықпен күресті өзінен бастауға шақырамын. Өзгерісті  әрбіріміз  бастасақ, сонда  заңсыз әрекеттерге баруға жол бермейміз. Қоғам болып жұмылсақ нәтиже болары анық».

Халықтың құқықтық сауаты ашылмай, жемқорлықты жою мүмкін емес. Мұны республикалық арнайы мониторинг тобы мүшелері жақсы түсінеді. Сондықтан да әлеуметтік дертпен күресуге ел болып бірігуге шақырады.