Шымкент қаласының Абай аудандық сотында Қазақстан Республикасы ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігімен, 366-бабының 3-бөлігінің 1,2-тармақтарымен және 366-бабының 3-бөлігінің 1,2,4-тармақтарымен айыпталған Ордабаев Габит Досымбековичке қатысты келісімдік іс жүргізу тәртіппен негізгі істен бөлектенген қылмыстық іс қаралды.
Істің мән-жайы бойынша «Г. Д. Ордабаев Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Созақ ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директорының уақытша міндетін атқарушы лауазымын атқарып жүріп, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» шеңберінде, қылмыстық жолмен өзі үшін пайда алумен қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, қорқытып алу жолымен, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бірнеше рет пара алу мақсатында, қысқа мерзімді кәсіптік оқу бойынша өткізілген мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы «Лидер ПРО» ЖШС-мен жасасқан келісім шарттар сомасының 5 %-ын пара ретінде жалпы 1 200 000 теңгені «Лидер ПРО» ЖШС-нің өкілінен талап еткен», — деп айыпталған.
Бұдан басқа Г.Д. Ордабаев қорқытып алу жолымен, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, Оңтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар Басқармасы басшының орынбасары С.М.Полатовқа, Оңтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар Басқармасының жұмыспен қамту бағдарламасын мониторингілеу бөлімінің бас маманы А.М.Таукебаевқа, «Ордабасы ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Э.К.Бердімұратқа және осы Орталықтың бөлім басшысы Б.А.Утешовқа «Лидер ПРО» ЖШС-нің өкілінен 1 000 000 теңге пара алуына жәрдемдескен.
Басты сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы мен сотталушы Г.Д.Ордабаевтың арасындағы кінәні мойындау туралы келісім жасалған.
Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 11.04.2018 жылғы үкімімен Ордабаев Габит Досымбекович тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, оған ҚР ҚК-нің 55-бабының 3-бөлігі, 58-бабының 3-бөлігі қолданылып, түпкілікті мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда басқару қызметтерін атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді.
Г.Д.Ордабаевқа қолданылған «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі