«Резеңке пәтерлер» проблемасы электронды үй кітапшасының арқасында шешімін таппақ

580
ҚазАқпарат

Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық қазақстандық электронды үй кітапшасына енгізілетін болады. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды inform.kz.

«Үй кітапшасы Әділет министрлігінің мекен-жайды тіркеу кодына байланыстырылатын болады. Әділет министрлігі мұндай кодты бір ғимаратқа ғана береді және ол тіпті көше, аудан немесе қала атауы өзгерсе де өзгеріске ұшырамайды. Аталған тіркеу кодына біз үй кітапханасын байланыстырамыз. Қазір тіркеуді бастадық. Қазақстанның 18 млн азаматының бүгінде 5 миллионы тіркелді. Оны жылдың соңына дейін бітіруге тырысамыз. Осыдан кейін азаматтарымыз аталған үй кітапшасы негізінде мекен-жайдың электронды анықтамасын электронды түрде тегін ала алады», — деді ол.

Министрдің атап өтуінше,  электронды үй кітабын енгізудің арқасында өте көп адам тіркелген мекен-жайды анықтауға мүмкіндік болады. «Бұл Мемлекет басшысы назар аударған «резеңке пәтерлер» проблемасын түбегейлі шешуге мүмкіндік береді», — деді Қалмұханбет Қасымов.

Ал «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан  Оспанов та  электронды мекен-жай анықтамасы тегін берілетіндігін атап өтті. «Мекен-жай анықтамасын алуға баратын азаматтар мәліметтерді еш проблемасыз алады. Ол (мәліметтер базасы) барлық азаматтардың ЖСН-на жылжымайтын мүлік мекен-жайының кодын беру процедурасы өткізілгеннен кейін толыққанды болады. Мекен-жай анықтамасы электронды үкімет порталы арқылы онлайн-режімде және тегін берілетін болады», — деді ол.