Сайрам ауданында жер дауы өршіп тұр

860

Сайрам ауданында бұл өз кезегінде баспана мәселесінің шешілуіне де кері әсерін тигізуде. Тілшілер алдында былтыр атқарылған шаруаларды тізбектеп берген аудан әкімі Бақтияр Мамаев осылай деді. Айтуынша, сансыз баптар мекенінде өткен жылы бірталай шаруа біткен. Дегенмен кей түйіткілдердің түйінін ағыту жергілікті билікке оңайға түсіп жатқан жоқ.

Кезінде гектар-гектар жерді иемденіп алып, игере алмай отырған кей пысықайлардың кесірі үйсіз-күйсіз жүрген халыққа тиіп жатыр. Қазір ауданда 13 мың адам жер кезегінде тұр. Аудан әкімінің сөзіне қарағанда кезінде жергілікті биліктің салғырттығынан жекенің меншігіне өтіп кеткен жер телімдеріне құрылыс жүргізу жұмыстары созбалаңға салынып отыр. Мамаев мырза жер дауына қатысты түйіткілдер шешілсе, біраз халықты баспанамен қамтитын едік дейді.

Облыс орталығына жақын ауданда көгілдір отымен қамту жұмыстары да көңіл көншітпейді. Қазір аудан елдімекендерінің небәрі 45 пайызы ғана табиғи газға қосылған. Аудан басшысы газдандырылмаған 23 ауылдың халқы 3 жылдың ішінде табиғи отынға қол жеткізетін болады деп сендірді.

Дегемен еңбекқор сайрамдықтар қол қусырып отырған жоқ. Шағын және орта бизнесті дөңгелетіп, тұрмысын түзеп келеді. Ет, сүт, көкөніс өндіруде өнімді еңбек етіп, ауданды айтпағанда Алматы, Астана, Шымкент халқын осынау тауарлармен қамтып отыр.