Қаладағы саябақтар көктемгі мерекелерді атап өтуге дайын ба? Демалыс орындарының жағдайы қандай? Халықтың сейіл құратын аумағын арнайы аралаған жұмысшы топ осы сауалдарға жауап іздеп, бірқатар кемшіліктерге тап болды. Сонымен, белгіленген стандартты сақтамаған кімдер?
Сөзден іске көшкен шенеуніктер саябақтардың жағдайын өз көздерімен көруге бел буыпты. Мақсат көпшілік көп жиналатын орындардың ыңғайлылығы мен қауіпсіздігін тексеру. Жағдай жасау.
“Қиял әлемі” саябағына аялдаған жұмысшы топ өкілдері ойын элементтерінің техникалық жағдайын тексерді. Мұндағы сауда нүктелерін санитарлық талапқа сай жұмыс істеуге шақырды. Демалушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Әсет Әбдірахманов, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: “Біздегі бар мәліметтер бойынша кейбір саябақтарда кемшіліктер кездескен. Саябақ меңгерушілеріне ескерту беріліп олар ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасады”.
Ал Орталық саябақтағы балалар ойнайтын элементтер мен салқын сусын саудалайтын нүктелердің жұмыстары шенеуніктердің көңілдерінен шықпады. Сондай-ақ, “Кең баба” саябағында қураған ағаш бұтақтарын қырқуды тапсырды.
Қаладағы демалыс орындарындағы талаптың сақталуын саралап жүрген мамандардың тексеру жұмыстары жалғасады. Анықталған кемшілікті жоюға уақыт та берілді. Яғни, 1-мамыр мерекесіне дейін сыннан қорытынды шығару тапсырылды.
Нұрлан Күдерұлы