Облыс әкімі аумақтың тазалығын сақтап, абаттандыруды тапсырды. Канал бойын жағалай тұратын жұртты тазалыққа шақырып, аумақты көркейту керектігін қадап айтты. Қолға күрек пен сыпырғы алып, коммуналшылар жалпы сенбілікке шықты. Алдымен 4 шақырымды алып жатқан Шымкент каналын қоқыстан тазартып алып, шағын саябақ алаңын ашу үшін әзірлікті бастау қажет.

Каналды жағалай көпқабатты үйлер орналасқан. Қоқыс дегеніңіз кез-келген жерде шашылып жатыр. Мұны сенбілікке келген өңір басшысы да байқады. Тұрғындарды тазалыққа шақырып, коммуналшыларға айналаны абаттандыруды тапсырды.

Ескертулер де ілінді. Тұрғындардың аумақты пайдалануға мүмкіндік беретін құжаттарын жергілікті атқарушы органдар тексеріп шығуы тиіс. Әйтпесе, заңсыз салынған құрылыс нысандары сүріледі дейді мамандар.

Бұл сыра зауытының қарамағындағы балабақша. Бұл нысанның да құжаттары тексеруге алынып, жуық арада ғимаратты жөндеп, жаңарту қажет. Әкім 11-12 шағынаудандар аралығының абаттандыру жұмыстарын өз қадағалауына алатынын жеткізді.