Шымкент каналының жағалауы абаттандырылмақ

493

Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыстан кейін қала әкімдігінің басшылық құрамымен Шымкент қаласындағы бірқатар көшелерді аралап шықты.

Аралау барысында облыс әкімі қаланың тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына баса назар аударды. Қаладағы ирригациялық сулар құйылатын Шымкент каналымен танысып, қала басшылығына каналдың 11,12 шағын ауданы арқылы өтетін бөлігінің көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан жағалауын абаттандыруды тапсырды. Сонымен қоса канал жағалауына сенбілік ұйымдастыруды міндеттеді. Жалпы Шымкент каналының ұзындығы 20 шақырымды құрайды.

Бұдан бөлек, Жансейіт Қансейітұлы облыс әкімдігінің WһatsApp желісіне қаланың санитарлық жағдайы туралы көптеген өтініштер келіп түсетінін атап өтіп, қаланы абаттандыру — әкімдіктің күнделікті міндетіне айналуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған жол бойын абаттандыруды және көптеген гүлзарлар мен Арбат секілді қала тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс аймағын қолға алуды міндеттеді.

Ендігі кезекте түрлі өнер адамдарының басын қосатын мәдени демалыс орны Асқаров пен Бейбітшілік көшелерінің бойында орналасатындықтан облыс әкімі осы көшелердің бойындағы «Арбат» демалыс орнының жұмысын пысықтап, тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Мұнан кейін әкім «Қиял әлемі» саябағының жұмысымен танысып, ондағы серуендеп жүрген жастарды әңгімеге тартты. Қаланың кез келген азаматы өзінің туған жерін гүлдендіріп, абаттандырып, таза ұстауы керек дегенді айтқан облыс әкімі, жастарды қалада тазалық сақтауға шақырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі