«Әйел. Заман. Дәстүр». М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де өткен қалалық форум осылай аталды. Қыздардың тәрбиесінде ұлттық салт-дәстүрлердің алатын орны мен ролін және маңыздылығы жастарға түсіндірілді. Қалалық форумға облыстық әйелдер кеңесі мен «Арулар» клубының мүшелері, студент жастар қатысты. Дәстүрге негізделген тәрбие жұмыстарын жүргізу туралы ойлар ортаға салынды.
Асма Қалыбекова, академик, ғалым, этнопедагог: «Біздің мақсатымыз бір. Ұлттық құндылықтан тамыр алып, рухани уызға жарып өскен ұрпақ тәрбиелеу».
Ел мен жердің қасиетін ұғып, ұлт болашағын көркейтер бүгінгі ұрпақ. Әсіресе қыз баласының тәрбиесін ұлттық түп тамырдан ажыратпау керек. Бүгінгі басқосуда айтылған ой осы еді.
Баян Жандосова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы: «Ана қызын тәрбиелемейді. Өзін тәрбиелеу арқылы өнеге болады. Отағасын сыйлап, ағайын туысқа, алыс жақынға ізетті болса, ұл мен қызға өнегелі болса, ондай анадан көргенді қыз туып, өсетіндігін өмір дәлелдеді».
«Әйел. Заман. Дәстүр». Осылай деп аталған қалалық форумға қатысқан оқу ордаларының әрқайсысында бүгінде қыздар кеңесі жұмыс істейді. Өткізіп жатқан шаралары да аз емес. Дегенмен, оны науқандық еткеннен тек ұтылатынымызды талай оқиғалардан біліп жүрміз. Жастардың өзі мұны ұғынғандай.
Қыз бала тәрбиесі-ұлт тәрбиесі деген көпшілік бүгінгі басқосуды тірлігімізді заманауи үдерістермен айшықтай, тереңдете түсеміз деп тарқасты. Бұл мақсат алда талай тірліктің ұйытқысы болмақ.