Шымкентте Жұманов көшесі 11 үйден полицейлер 70 жастағы ер азамат пен оның қызы 45 жас шамасындағы әйел адамның денесін тапты. Кей мәліметтерге қарағанда бұл отбасы қорқор мен темекі өнімдерін сатумен айналысқан. Полицейлер күдіктіні бірден ұстапты. Ол сол үйдің, яғни марқұм әйелдің ұлы деген қауесет тарап жатыр.

Бұл үйде анасы мен баласы тұрған. Көршілердің айтуынша, Қанды оқиға күні кеше тал түсте орын алған. Бұл қонысқа өткен күзде ғана көшіп келген екен. Содан бері ұрыс керіс, байбалам, артық әрекеттерін байқаған емеспіз дейді көршілері.

Сара Әйтімбетова, көршісі: «Қара күзде көшіп келген. Көрші әйел сондай пысық, ұқыпты, жайдары еді. Ұлы да елгезек, еті тірі бала болатын. Ұрыс керістің, шудың шыққанын көрмегенбіз. Төбемізден жай түскендей болды».

Полицейлер қанды оқиғаға қатысты күдіктіні құрықтаған. Бүгін оқиға орнына келіп, тергеу амалдарын жүргізді. Тәртіп сақшылары күдіктіні түсіруге мүмкіндік бермеді. Десе де, көршілерінің арасында атасы мен анасын өлтірген осы үйдің өз баласы деген қауесет тараған.

Петр Кривцов, көршісі: «Көршілердің айтуынша, әлгі жас жігіт анасы мен нағашы атасын өлтіріпті-міс. Ал күдіктіні полицейлердің тек бір іш киіммен ғана үйден алып шығып жатқанын өз көзіммен көрдім. Үсті-басының бәрі қан еді. Жұрттың айтуынша, анасы мен атасын өлтіргенін мойындаған көрінеді».

Марқұм әйелдің ұлы жақында үйленбек болған. Тіпті той күні де белгілі еді дейді көршілері. Ал дәл қанды оқиға болған күні ешкім ештеңе байқамағынан айтады.

Сара Әйтімбетова, көршісі: «Үйіміз тиіп тұрып ештеңе де байқамаппыз. Шу, ұрыс керістің де дыбысын естімедік».

Бұл оқиға жайлы құзырлы органдар ресми ақпарат таратуға асығар емес. Тек күдіктіні ұстағаны ғана мәлім.