Жаңбырда батпақ, жазда шаңға батқан Рудный көшесінің тұрғындары арнамызға хабарласып, араша сұрады. Қаланың қақ ортасында тұрып, қырық жылдан бері көшелері жөнделмеген жұрт талай жерге арызданған. Қала әкімдігі мамандарын шағымдарын назарға алғанымен, құрғақ уәдемен қатырып келеді деп ашынады.
Серік Бегалиев, көше тұрғыны: «Қыста көлікпен су кешеміз көшеде. Сосын қатып қалып талай рет көлікті көшеге тастап кетуге мәжбүр болғанбыз. Күн жылынса жаңбыр суы толып қалады. Жас балалар мен қарт кісілер талай рет шұңқырға тайып құлағанына куәміз. Қанша жылдан бері қала әкімдігіне арыздандық. Бірақ шыққан нәтиже жоқ».
Гүлжахан Әжібаева, көше тұрғыны: «Өзім осы көшеде 37 жылдан бері тұрамын. Содан бері осы көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген емес. Қонақ шақырсаң көшенің сиқынан ұяласың. Қала деген аты бар, ойдым ойдым, шұңқыр көшеде тұрамыз деп айтуға да ұят».
Абай Тұрханов, қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімі басшысының орынбасары: «Сметалық құжаттар әзірленуде. Қазір оған бөлінген ақша жоқ».
Анықтағанымыздай, бұл көше биыл тағы шаң-тозаң болып қалады. Шағым ескерілгенімен, дәл қазір асфальт төсеп беретін қаржы жоқ дейді.