Бүгін Шымкентте өңіраралық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Онда жергілікті жұмыс берушілермен қоса еліміздің 4 облысынан келген делегаттар бос жұмыс орындарын ұсынды. Күн ұзаққа жалғасқан шарада жұртшылық екі қолға бір күрек тауып қана қоймай, солтүстік өңірге қоныс аудару мүмкіндіктерімен де танысты.
Таңертеңнен басталған жәрмеңкеге келген жұртшылықтың қарасы көп. Дені — жастар. Солардың бірі — Сырғагүл Ақайдарова. Үш жыл бойы бала күтіміне байланысты үйде отырған келіншекке бүгін бір емес екі жұмыс орны ұсынылды. Таңдау өзінде. Тәжирибелі маманды қос бірдей медициналық ұйым жұмысқа шақырып отыр.
Бұл жәрмеңкенің жөні бөлек. Өңіраралық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жұмыс берушілер қатысты. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысынан келген делегаттар түрлі жұмыс орындарын ұсынып, тіпті тұрғындарды кәсіппен айналысуға да шақырды.
Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының жұмыспен қамту орталығының басшылары белсенді. Сала мамандарының айтуынша, қазір ауданда білім беру саласы мен ауылшаруашылығына кадр тапшы.
Жәрмеңкеде бас-аяғы мыңнан астам жұмыс берушіден 5 мыңнан аса жұмыс орындары ұсынылды. Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында облыста 4 мыңға тарта азамат, оның ішінде 2086 адам тұрақты жұмыспен, 200 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылған. Жастар тәжірибесіне мыңнан аса жас түлек, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2 мыңға тарта жұмыссыз азамат қатысуда.
Мақсат — екі қолға бір күрек іздеген халыққа жөн сілтеп, еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру үшін еліміздің солтүстік өңірлеріне халықты өз еркімен қоныстандыру дейді ұйымдастырушылар. Өзге облыстардан келген делегаттар бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін алдағы уақытта аудандарда жалғастыратын болады. Дәл осындай шара ертең Сайрам ауданында жалғасын табады.