Созақ ауданының 90 жылдығына орай бүгінде аудан көлемінде көптеген іс шаралар ұйымдастырылуда. Күні кеше ақын Б.Батырбекованың 90 жылдығына орай Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы, Созақ аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Созағым менің жыр елім» атты жазба ақындар арасында облыстық мүшәйрасы өтті.
Байқауға өңіріміздің аудан, қалаларынан 40-тан аса үміткер өтініш білдіріп, қазылар алқасының сараптауымен 20 жазба ақын бақ сынады.
Қара сөзден қаймақ айыратын от ауызды, орақ тілді ақындар өңірімізде жетерлік. Байқауда бақ сынағандардың басым бөлігі сұлу сөзбен өрнектелген жыр жолдарын төгілте мақамдады. Бірінен бірі өткен ақындардың дарабозын анықтау да оңайға түскен жоқ. Оза шауып, бәйге алғандар арнайы дипломдармен, сый сияпатпен марапатталды.