Қазақстанның да өз сафариі бар. Ол – Созақ даласы. Балығы шоршыған өзен-көлі, альпинисті елітер таулары да бар. Тарихқа тереңінен бойлатар қалалары да, өткеннің тұрмысын жеткізетін көне таңбалары да жетерлік. Құпиясын ішіне бүккен Созақ жерінің сыры ашылмаған туристік қырлары көп.
Өңіріміздің тарихшылары мен өлкетанушыларынан, туризм мамандары мен фотограф-журналистерінен құралған топ Созақ ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштерін, өзен-көлін, тау-тасын аралап қайтты. Осылайша Сырлы мекенде «Созақ сафариін» ұйымдастыруға болатынын анықтады. Теріскей жерінің туристік әлеуеті зор екенін бағамдаған олар сондағы туризмді дамытуда бірқатар кемшіліктер барын да айтады.
Ғани НАЗАРБЕК, туризм маманы, скауттар қозғалысының ұйымдастырушысы: «Ботаниктер үшін Қаратау жұмақ мекен. Өсімдіктердің неше түрі бар. Созақ халқы — қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап отыр. Негізгі шаруашылығы — мал шаруашылығы. Созақ қаласына бардық. Археологиялық қазба орындарына қоқыс тасталғанын көріп, ескерту жасағанымызда қоқысты тазалады. Аудан әкімдігіне рахметү. Бұдан бөлек Созақ қаласының ортасынан асфальт жол салған. Қаланың ортасында әжетхана тұр. Ол Әбілхайыр мен Жәнібек хандар жатқан жер. Мұның бәрі үлкен сын. Созақта кез келген туристі бірнеше күнге алып қалуға болады. Жалықтырмай, тарих пен табиғатты байланыстыра отырып, салт-дәстүр, мәдениетімізді қосып, өсімдіктері мен аң-құсын көрсетіп, туристерді таңғалдыруға болатын жер. Қызмет көрсету саласы: тамақтану орындары, қонақүйлер, тіптен біз Созақта түскі ас іше алмадық. Өйткені, біздің 12 адамға тамақ тауып беретін орын болмады. Барсақ, ондай жасап бере алмаймыз дейді. Бұл әлі сұраныстың жоқтығы. Туристік фирмалар мұны жолға қойып, насихаттай алсақ, болашақта Созақ ауданының туристік мүмкіндігі өте жоғары»
Олар бес күндік сапарында Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ көне қаласына барды. Қаратау ішіндегі Ран көне қаласын көрді. Сондағы Ран шатқалынан осыған дейін беймәлім болып келген петроглифтерді тапты.
Алексей ГОНЧАРОВ, өлкетанушы, журналист, Қазақ географиялық қоғамының мүшесі: «Ран өзенінің жағалауынан петроглифтерді таптық. Ол Арпаөзен аңғарындағы петроглифтер сияқты үлкен аумақты алмағанымен әжептеуір көп. Қолда бар тарихи әдебиеттерді ақтарып, бұл петроглифтер туралы еш дерек кездестірмедік. Демек, біз осы экспедиция барысында жаңа петроглифттерді анықтадық. Біздің өңірдегі петроглифтердің барлығы да қола не ерте темір дәуіріне, жобалай айтқанда біздің заманымызға дейінгі екі мыңыншы жылдықтан біздің заманымыздың шегіне дейін жалғасады. Шатқалдағы Ран қаласы да кереметімен таң-тамаша етеді. Қала тіршілігі VIII ғасырдан XVI(XVII) ғасырларға дейін жалғасқан. Өте оңашаланған қала. Сонда қала бар екенін байқау өте қиын. Ран қаласын көргенде, Тибет жеріне тап болғандай күй кештім. Ғажайып мекен. Археологтар Ран қаласында 1974 жылы қазба жұмыстарын жүргізген. Содан кейін тоқтап қалған. Өкініштісі, сол Созақтағы тарихи ескерткіш орындарына нұсқайтын, мәлімет беретін қарапайым тақтайшалар да орнатылмаған»
Бұдан бөлек Қызылкөлге сүйсініп, Келіншектау етегінде түнелтті. Қызылкөл биыл тағы толып, келушісін қабылдауға жарап-ақ тұр. Қаратаудың солтүстік жотасы мен Шудың төменгі ағысына да барды. Табиғат құшағына молынан еніп, Бетпақдала мен Мойынқұм шөлінде де болыпты. Созақ даласында нағыз қазақи стилдегі кесенелердің барына және бір көз жеткізді.
Ислам Калани, тарихшы, гид: «Созақта көне мешіт сақталған. Осы күнге дейін жеткен мешіт. Ортаазиялық сәулет ғимараттарына қызығатындар үшін таптырмас ескерткіш. Бұдан бөлек Баба Түкті Шашты Әзіз әулие, Ысқақ бап әулие, Санғыл би және тағы басқа көптеген кесенелер бар. Бәрінің де сәулеті мына бізде кең таралған ортазиялық стильге ұқсамайды. Ерекше, басқа жерде кездеспейтін мәнерге ие. Мен мұны Созақ стилі деп атадым. Күмбездері қабырғасымен, бөлмесімен тұтасып кеткен. Балшықтан қаланып, соғылған.
Экспедиция осылайша Созақ даласын бір шолып, азын зерттеп, ашылмаған сыры көбін байқады. Сол үшін де Теріскейге сапарды жиілетіп, туристік бағыттар сызатын болып келісті.
Экспедиция мүшелері:
Ринат Хамидулин — экспедиция жетекшісі;
Алексей Гончаров — өлкетанушы, тарихшы, журналист, Қазақ географиялық қоғамының мүшесі
Ербол Уразалин — еңбегі сіңген альпинист;
Ислам Калани — тарихшы, гид
Сергей Волков — фотограф, блогер;
Шакир Умаров — оператор, жүргізуші;
Малик Нукусбеков — орнитолог, өлкетанушы;
Петр Мирошниченко — өлкетанушы, гид, туроператор;
Ғани Назарбек — өлкетанушы, скаут қозғалысының ұйымдастырушысы;
Денис Мазурантов — ресейлік туроператордың өкілі;
Дмитрий Компанец — жүргізуші, инструктор, жолсерік;
Жәнібек НҰРЫШ