Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің «Адал жол» жобасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны Шардара ауданында бастау алды.
Бүгін осы марафон аясында қалада сенбілік ұйымдастырылып, шатқалдарға тал көшеттері егілді. Мекеме қызметкерлері таң азанымен «Өтеғұл» шағынауданындағы орталық трассаның екі жағына, «Ақбала» шағынауданындағы Бекзат Саттарханов саябағының қарсы жақ бетіне ағаш көшеттерін отырғызды.
Сенбілік шарасы басталар алдында аудан әкімі аппаратының басшысы Ғалымжан Амантай: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен «Адал жол» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны өңірімізде алғаш рет өткізілуде. Марафонды өткізудегі басты мақсат — мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады. Шардара ауданында бастау алып отырған марафонның өз дәрежесінде өткізілуіне баршаңызды белсене атсалысуға, сыбайлас жемқорлыққа қоғам болып қарсы тұруға шақырамыз!» – деді.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиевпен бірге Ғалымжан Амантайұлы алғашқы шыбықтарды өздері бастап отырғызып берді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысның орынбасары Еркебұлан Қаратүновтің мәліметінше «Адал жол» акциясы аясындағы апталықта аудан аумағына барлығы 8760 тал көшеттері егілмек.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі