«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында автокөліктерді тіркеу бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының секторын ашты. Енді азаматтар автокөліктерін қайта тіркеу немесе жүргізуші куәлігін ауыстыру барысында өз уақыттарын айтарлықтай үнемдей алады.
Мамандандырылған ХҚО секторы Түркістан қаласы Қызылорда тасжолы, 35-үй мекенжайы бойынша орналасқан. Мың жарым шаршы метр ауданды құрайтын екі қабатты зәулім ғимараттың қасында жүз көлікке арналған автотұрақ қарастырылған.
«Жаңа ғимарат кең әрі жайлы, азаматтарға сапалы қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған.
Бұл мемлекеттік — жеке меншік серіктестік бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының игілігіне ашылған екінші мамандандырылған ХҚО секторы»,- дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.
Он алты жұмысшы қызмет көрсететін секторда барлық бизнес-процесс автоматтандырылып, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктірілгендіктен, түркістандықтардың көлікті қайта тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру кезіндегі уақыт шығыны екі сағатқа дейін қысқарды. Мамандандырылған ХҚО секторы дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласында автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру бойынша барлық мемлекеттік қызметтер көрсетілетін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Осы мамандандырылған ХҚО арқылы 2017 жылы азаматтарға автокөлікті қайта тіркеу бойынша 169 621 қызмет көрсетіліп, 58 637 жүргізуші куәлігі берілді.