Былтыр жылдың соңында Түркістан қаласының әкімі қызметіне тағайындалған Тәжібек Мұсаев атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Өңірдің мәселелері лауазым иесіне таңсық емес, өйткені осы қызметке дейін әкімнің орынбасары болып жұмыс жасаған.
Саудаға, ауыл шаруашылығына, өндіріске икемі бар халықтың тұрмысы жылдан жылға жақсарып келе жатқаны бар. 260 мың халқы бар өлкеде бірінші тоқсанда 4 млрд. 331 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Теміржол торабы, Батыс Еуропа- Батыс Қытай халықаралық дәлізінің бойында орналасқан өңірде шағын және орта бизнес жақсы дамыған.
13 мыңнан астам субъект өз кәсібін дөңгелетуде. Ең басты басымдық агросекторға жасалуда. Терең қопсыту жоғары сортты тұқымдарды пайдалана отырып өнімділікті арттыру, қайта өңдеуді де жолға қою жоспарда. Түркістандықтар көкөніс, ет өнімдерін өңдеуді жалғастырып жүгеріні өңдеуді қолға алмақ.
Тағы бір тиімді жобалардың бірі ол — түйе сүтін өңдеу. Бұл мақсатта әкімдік үкіметтен қаржылай қолдау сұрап, шаруашылықтағы түйелердің санын арттырмақ. Былтыр ағын сумен күрделілік туындамай, бітік астық жиналған еді. Биыл да бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде дейді әкім мырза. Егінді суаруға қажетті 60 пайыздан астам көлемін түркістандық шаруалар Бөген су қоймасынан алып отыр. Тоғандар салып, суды жинау арқылы су тапшылығы да шешілмек.
Коммуналдық мәселелерге тоқталған әкім ауыз сумен қамту бағытында Шойтөбе елдімекеніне су құбырлары желілерін салуға 26 млн-дай қаржы қарастырылыпты. Газ берілді деп көгілдір отынды пайдалана алмай отырмаған түркістандықтардың мәселесі түрлі деңгейде көтерілгені баршаға мәлім. Бұл күрделіліктер кезеңімен шешіледі дейді Тәжібек Мұсаев. Әйтеуір жылдың соңына дейін Ескі Иқанның жұртшылығы табиғи газбен толық қамтылады.
Қала төңірегіндегі шағынаудандар жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін кезеңімен орталықтандырылған жүйеге қосылады. Еті тірі іскер түркістандықтардың арасында жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрап отыр. Жұмыссызбын деп тіркелгендердің саны — 5 23.
Тағы айта кететін жәйт, баспана кезегінде тұрғандарды пәтер, үймен, жер телімімен қамту мәселесінде де жоспар түзілген. Тарихи ескерткіш, қасиетті орындарға бай өлкеде туризм саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілмек. Ең бастысы Үкіш ата, Жылан төбеге барар жолдар жөнделіп, онда зиярат ететін азаматтарға жағдай жасалуда. Яссауи кесенесі төңірегіндегі қалашықты қайта қалпына келтіру бойынша да іс шаралар жүзеге аспақ.