«Теріскей таланттары-2018» өнер фестивалі бастау алды

1032
Созақ ауданы әкімдігінің Facebook парақшасынан

Астана қаласының 20 жылдығына және Созақ ауданының 90 жылдығына орай аудандық «Теріскей таланттары — 2018» халық өнер фестивалі киелі Ысқақ баб бабамыз жатқан Бабата өңірінен басталды.

Фесивальдің мақсаты ауылдық жерлердегі жас таланттарды тауып оларға қолдау көрсету. Жастарды отансүйгіштікке баулу. «Теріскей таланттары — 2018» халық өнер фестивалін аудан әкімінің орынбасары Айдарбеков Бағдат Бегманұлы ашып жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Бұл байқаудан ашылмай, танылмай жүрген жас таланттар шығады»,-деп сенім білдірді.

Фестиваль шартына сәйкес «Зерлі қалам» атты бейнелеу өнері қыл-қалам шеберлері және «Күміс керуен» атты қолөнер шеберлері жанры ашық аспан астында көрсетілді. Астананың суреттері Созақ ауданының тарихы кестелерден көрініп көпшілік көңілінен шықты. Тіпті осы байқауға мүмкіндігі шектеулі  жандардың қолөнер бұйымдары қойылып көпшіліктің алғысын алды.

Жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелейтін шарада алтын саусақты ақжаулықты аналарымыз жасаған сырмақтарын таныстырды. Он саусағынан өнері тамған әжелеріміздің қолындағы ұршығы шыркөбелек айналды. Ұлттық өнеріміздің тамаша туындысы лайық бағасын алып тиісті орнын табары анық.

«Сырлы дүние» атты көркемсөз оқу жанрында оқушылар жергілікті ақын Тұмартай Дінтайұлының «Созақ» «Оңтүстігім» «Астана» атты жыр шумақтарын Әбен Балнұр, Тілеубек Ақмарал, Нұрмұхаммед Бақытжан көркемсөз шеберлері оқыса, өз шығармаларынан Тілеубек Ақмарал, Жақан Назерке, Түзелбек Аяулым Астанаға сырлы Созаққа арнаған өлеңдерін нақышына келтіре орындады.

«Гаухартас» атты халық әндері жанрында Рыстыбаева Гүлмария халық әнін орындап көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Сәукеле» атты би жанрында Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің хорегроф ұстазы Айдана апайы дайындаған бишілер тобы көреремендердің ыстық ықласына бөленді. Үш мектеп оқушылардың мыңбұрала билеген билері фестивальдің көркін ашты.