Шымкент шулап жатыр. Кешелі бері «қаладағы бірнеше мектептердің қасында белгісіз біреулер құрамында есірткі заты бар сағыз таратып, оқушыларды улап жатыр екен. Абай болыңыздар» деген сыңайдағы хабарлама бүкіл әлеуметтік желілер арқылы тарап кеткен.
Балалары үшін алаңдаған ата-аналар бірімен бірі жарыса айқайға сүрең қосқан. Елді елең еткізген шу нақты дәлелін таппады. Енді жалған ақпарат таратқандар іздестірілуде. Құрықталған жағдайда жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Жалған болса да ақпарат шебер құрастырылған. «Естен танып, уланған оқушыларды жедел жәрдем әкетіп жатыр» деп ата аналардың үрейін одан сайын ұшырған. Осы ақпар бойынша қалалық білім бөлімі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және ішкі саясат бөлімінің мамандары хабарламада көрсетілген мектептерде болды. Улану оқиғалары негізсіз екені анықталып отыр. Мектепке келген ата — аналар да, оқушылар да улану оқиғасын теріске шығарды.
Арнайы құрылған жұмыс тобы сағыз таратушы жастармен сөйлесті. Олар аталған сағызды өндіретін компанияның өкілдері. Серіктестіктің барлық сертификаттары бар. Оқушыларға өнімдерін сыйлаудағы басты мақсаттары компанияның мерейтойын атап өтпек болған.
Өнімнің өңіріміздегі өкілдігінің басшысы хабарламаның жалған екендігін, бұл бәсекелестердің жасап отырған айла шарғысы болуы да мүмкін деген өз күдігін жеткізген.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын бастады. Жалған хабарлама таратқандар жауапқа тартылатын болады.
Г.Жұмаш