Халықтың денсаулығынан кәсіпкердің құқы жоғары болып тұр…

520
фото Ақ Жайық

Мәселенің себебімен емес салдарымен күресеміз. Осы уақытқа дейін құйылмалы балмұздақтан қаншама адамның ауру тапқанын кім білсін?! Ал жаппай улану бізге ескертпе сынды…

Бүгінде кәсіпкерлерлікке барынша қолайлы жағдай жасалуда. Осы салада нәсібін тауып жүргендердің мазасын алмауға мораторий жарияланды. Кез-келген орган өкілі барып, кәсіпкерлерді тексеруге құқығы жоқ. Ал осыдан кім ұтты, кім ұтылды?

Кәсіпкерлеріміз осы артықшылықты асыра пайдаланып тым дандайсып кеткен жоқ па? Өндіріп отырған өнімінің құрамын кім тексеріп жатыр? Бізде тек жаппай улану оқиғасы болуы керек, не болмаса әлбетте арыз түсуі керек. Сонда ғана құзырлы органдар кәсіпкерлік нысанды тексеруге құқылы. Ал арыз жазу да оңай емес. Тиісті органдар арызды электронды поштамен қабылдамайды. Арнайы апарып тапсыру қажет. Белгілі бір уақыттан кейін жазбаша түрде тексердік деген хат аласыз. Ол нысан қалай тексерілді, әлде бармақ баста көз қысты әрекетпен тексерілді ме ол жағы жалпы көпшілікке жұмбақ.

Жылыжайда өсірілген қызанақ, қияр аламыз. Мақсатымыз отандық өнімді қолдау. Ал қызанаққа пышақ өтпейді. Тым қатты. Әрі қытайдың өнімі құсап бұзылмай бір екі ай сақталады. Ал дәмнен дәм жоқ. Тіпті иісі де жоқ. Ал қияры су татиды. Жыл басында өңірімізге ат басын бұрған сенатор Әли Бектаев Сайрам ауданындағы жылыжайларды аралағанда дәл осы мәселені қаузаған еді. «Жылыжайларда өндірілген өнімдердің табиғи дәмі жоқ» деп. Бір нәтиже шығатын шығар дегенбіз. Алайда…

Кәсіпкерлерді қолдау орталығының маманымен сөйлескенімізде айтып еді, «Біздің өнімдерімізді яғни қызанақ, қиярды Ресейге тасымалдау өте қиын. Шекарада арнайы тексеру кезінде өнімде нитрат мөлшері көп болып шығып, шекарадан өткізбейді» деп. Олардыкі дұрыс әрине. Ал бізде халық не ішіп, не жеп жатыр, уланып жатыр ма, өнімнен ауру тапты ма ешкімнің шаруасы жоқ. Өйткені кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Ал халық улана ма, жоқ па бәрібір. Адалдап нан табуды емес, табыс табуды ғана мақсат тұтқан кейбір пысықайлардың кесірінен халық зардап шегіп отыр.

Отандық өнімді тұтынғымыз-ақ келеді. Шұжық сатып алсақ тамсанып жеу мүмкін емес. Құйылмалы балмұздақтан шикі сүттің иісі шығады. Қымыз ішсек піскен айранның дәміне ұқсайды. Алмұртымыз алмұрт емес, пластмасса шайнағандай боласың. Сусындардың дәмін айтпай-ақ қояйық. Құрттың ішінен әк шықса, шұжықтан аққұлақтың майы шықса, сонда адалдап тапқан ақшасына арам ас бұйырған көпшіліктің құқығын кім қорғайды?

Кәсіпкерлік нысандардың шығарып отырған өнімдерін толықтай сараптамадан өткізетін уақыт жетті. Адалынан әрі әділінен. Әйтпесе онсыз да ауру сырқауы көп жалпы жұртшылықты одан сайын дерті дендемесін десек бұл іске нүкте қоятын кез келді.
Халықтың денсаулығынан гөрі кәсіпкердің құқығы жоғары болып тұр. Астан уланған, халал дегені арам болып шығып, деніне дерт жамағандардың өтініші осы…

Г.Жұмаш