Жұмыс бар! Маман тапшы…

819

Кәсіпкерлік палатасының мамандары мамандығын меңгере алмай, қызметсіз жүрген дипломды жастардың жағдайына алаңдаулы. Сол үшін облыс кәсіпкерлерінің басын қосып, колледж түлектеріне екі қолға бір күрек табуына қол ұшын созуға шақырды. Әйткенмен жұмыс берушілер болса, дипломы бар жас мамандарды компанияларына, өндіріс орындары не шаруа қожалықтарына жұмысқа алғысы келмейді. Айтуларынша, тәжірибе тұрмақ, мамандығына сәйкес теориялық білімі жоқ деп есептейді. Кәсіпкерлердің сөзінше, «еріншек» студенттерде ғана емес, оларға бағыт-бағдар беретін ұстаздарында да кінә бар екен.

Бұл туралы кәсіпкерлік палатасының ұйымдастырумен өткен кездесуде айтылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, колледж директорлары мен түрлі компаниялардың, шаруа қожалықтарының, қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысты. Басқосуда жастарды жұмысқа орналастыруда тиімді болатын ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Бизнес өкілдері «облыстағы колледждерде оқитын студенттердің саны мемлекеттік тапсырысқа сай болғанымен, сапасы сұранысты ақтамайды».- дейді.

 

ОҚО-да 91 колледж болса, кәсіптік-техникалық колледждерде 74 176 студент оқып жатыр

«Биыл мектеп бітіруші 16 мыңға жуық түлекке колледждерге тегін грант беріледі екен. Оның тек 1000-ы ғана ауылшарушылық мамандығына арналған. Сонда жалпы тапсырыстың 6 пайызы ғана болып тұр. Бұл өте аз. Екіншіден колледждер сол аздың өзін оқытуға дайын емес. Материалдық-техникалық базасы жұтаң. Мысалы, қазір тамшылатып суғару мамандары аса қажет. Олар егін шарушылығында, жылыжайға қажет, бірақ біздегі колледждердің ешқайсысы ондай мамандарды даярламайды. Неге білім басқармасы мемлекеттік гранттарды бөлген кезде, біз сияқты кәсіпкерлермен ақылдаспайды. Өзімізге қажет мамандарға тапсырыс беретін едік. Енді сол бітірушілер тағы да жұмыссыздардың қатарын толықтырайын деп отыр»,-дейді  DALA-FRUIT.KZ» ЖШС -нің директоры Болатбек Әлиев.

Бахарам Абдукаримов, «Алтын дән» ЖШС директоры: 
– Біздің қазіргі дәрілердің көбі малға әсер етпейді. Жаңа дәрмек дайындайтын маман жоқ. Қолдан ұрықтандыруды алайық, мұны да дұрыс меңгерген түлек жоқ, республиканы аралап жүріп табуға болатын шығар мүмкін. Бұл істі кез — келген адамға сеніп тапсыра алмайсың. Өйткені малдар бір-біріне ауру жұқтырып, қырылып қалады. Жиында колледж басшылары «техникамыз заманауи» деп отыр, ондай ештеңе жоқ. Шетелде 10 жыл бұрын қолданыстан шыққан техникалар бізге енді келіп жатыр. Біздікілер Кеңес дәуірінің әдісімен қалып қойған. Менің ұсынысым – саны аз болса да, қызмет етіп жатқан мамандарымызды шетелге оқуға жіберу. Олар келіп барлық шаруа қожалықтарын аралап, басқаларға үйретсін.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр кәсіпкерлік палатасының мамандары мен кәсіпкерлерге және жұмыссыз жастарға тиімді болатын ұсыныс жасады.

№2 колледжде
«газ-электр дәнекерлеуші», «автомеханик», «автоэлектрик», «краншы», «кран машинисі», «жиһаз жинақтаушы», «ағаш ұстасы», «электромонтер», «көркемдеу-әсемдеу жұмыстарын жүргізуші» «сылақшы»
Тел: 53-01-58

 

Ербол САДЫР, облыс әкімінің орынбасары:
– Біз өзіміз тек бір мамандық бойынша ғана зерттеу жасадық. Сонда байқағанымыз — жасақталған кабинеттер жоқ. Әрқайсысына жеке-жеке жағдай жасауға бюджеттің қаржысы жетпейді. Қазір барлығы күн сайын жаңарып жатыр, барлық кабинетті жасақтап қойсақ та, ол ертең-ақ жарамсыз болып қалады. Кәсіпкерлер өздерінің өнімдері бәсекеге қабілетті болу үшін барлық жағдайды жасап жатыр, жасайды да. Сондықтан, кәсіпкерлерге өздеріне қажетті мамандарды оқытатын 3 айлық оқу курстарын ашуды ұсынамыз. Республикалық бюджеттен әрбір студентке 46 мың теңге субсидия беріледі, яғни 30 мың теңге оқуына, 16 мың теңге шәкіртақы. Кәсіпкерлер палатасы барлық құжаттарды рәсімдеу бойынша 100 пайыз көмек береді. Кәсіпкерлер бұл ұсыныстың да өзіндік қиындықтарына тоқталды.

№3 колледжде

«Бақылау өлшеу аспаптары және автоматика бойынша слесарі», «қырнаушы», «электрмен дәнекерлеуші», «электржабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу электрмонтері», автокөлік жөндеу слесарі», «газды жабдықтарды жөндеу және эксплуатациялау слесарі»
Тел: 35-08-84

Болатбек Әлиев, «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің директоры:
– Бұл бізге өте тиімсіз. Біз арнайы оқытатын кабинеттерді жалға алып, ұстаздар жалдауымыз керек болады. Екінші жағынан колледж басшылығы 3 айға бізге студенттерін беруге дайын ба, олардың ақшасы бізге кетіп қалады ғой? Менің ұсынысым – сол курстың 2 ай теориясын колледж оқытып берсін, біз іс-тәжірибеден өтуге алайық , бірлесіп жұмыс жасайық. Тек қағаз жүзінде емес. Мысалы, барлығы мақтап жатқан агроколледжбен екі жылдан бері дуальды оқыту бойынша серіктеспіз. Бірақ бір де бір студент немесе сол оқу орнының басшысы төбе көрсеткен емес.

№4 колледж
«пошта байланысы қызметкері», «радиоэлектрик», «электрик», «іс жүргізуші», «ЭЕМ операторы », «темір ұстасы ісі»
Тел: 56-34-97

 

 

Гауһар Бекбергенова, Шымкент аграрлық колледжінің директоры:
— Болатбек Әлиевтің айтқанымен келіспеймін. Жаңа қызметке келгеніме үш ай болғанымен соңғы екі жылдағы құжаттардың барлығын көтердім, ол кісімен ешқандай келісімшартқа отырған емеспіз. Дәлеліміз де бар. Бізде мамандықтар да бар, қабілетті мамандар да жеткілікті.
Педагогтардың да өз айтары бар. Жергілікті оқу орындарының өкілдері кәсіпкерлерге ұсынылған ұсыныстардың аяқсыз қалатынын айтады.

№5 колледж
Тігін ісі бойынша мамандар
Тел: 54-81-62

№6 колледж
Аспаз ісі мамандықтары бойынша
Тел: 21-27-40

Ләззат Асылбекова, №4 колледж директоры:
– Біздің колледж-байланыс қызметтерінің мамандарын даярлайтын жалғыз колледж. Көбінесе мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейміз. Аз қамтылған отбасыдан шыққан, әлеуметтік жағдайы төмен студенттерімізді жұмысқа қабылдауды өтініп, серіктес болуға ұсыныс білдірсек, бизнес өкілдерінен тек «жоқ» деген жауап аламыз.

Шымкент аграрлық колледжі
«Агрономия», «Өсімдік шаруашылығы», «Жерге орналастыру», «Орман шаруашылығы», «Ветеринария», «Зоотехния», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Сүт тағамдарының өндірісі», «Метрология,стандарттау және сертификаттау» бойынша даярлайды
Тел: 55-40-69

ОҚО «Жастар ресурстық орталығы» МКМ-ның мекенжайы: Шымкент қ, Түркістан көшесі 1 үй
Тел: 30-01-72

Ербол Садыр басшыларды бір-бірінің жұмыстарын сынауды доғарып, әрекетке көшуге шақырды. Нәтижесінде диалог алаңы құру туралы шешімге келді. Яғни, әлеуметтік желіде топ құрылып, барлық колледждер туралы мәліметтер жарияланады. Кәсіпкерлер сол топқа кіріп, өздеріне керек мамандарды таңдап алады. Осылайша, әлеуметтік желілерде жұмыс берушілер мен оқу орталықтарының өкілдері жарияланған бос жұмыс орындары негізінде кадр даярлауды жүйеге қоюға болады-міс.

Әлия ӘДІЛБЕК