Жаңа ұйымда жаңа мектеп салынбақ

587

Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Төле би ауданынында бүгінде жаңадан пайдалануға берілген білім нысандарының қатары артып келеді. Биылғы оқу жылында тағы бір білім бесігі есігін айқара ашпақ.

Ауданға қарасты Аққұм ауылдық округіндегі Жаңа-Ұйым елді мекенінің тұрғындарын қуанышқа бөлеген сүйінші хабар жетті. Биыл мұнда су жаңа мектеп салынып, білімгерлердің игілігіне берілмек. Ауылдық округтің ардагерлер  кеңесінің төрағасы, ауыл билері және ауыл  әкімі Берік Рахимов  мектеп салынатын орынның қазығын қақты.

Іргетасы енді қаланатын мектеп 200 орынға лайықталған. Онда негізгі оқу блогы, асхана, акт зал, спорт зал, шеберхана, кітапхана және әкімшілік бөлмелері қарастырылған. Бүгінде құрылысты жүргізу үшін өндірістік жұмыс кестесі түзіліп, облыстық құрылыс басқармасымен келісілген.

Нысанды тапсыру мерзімі жаңа оқу жылына жоспарланып отыр. Жаңа ұйымдық оқушылар алдағы оқу жылында жаңа білім ұясының табалдырығын аттайтын болады.