Жастар компьютер браузері арқылы пайдаланылатын e-gov порталын емес, мобилді құрылғыларға арналған m-gov қызметін жиі пайдаланады. Өйткені, электронды цифрлы қолтаңбасыз берілетін қызмет түрлері 30-ға жуықтаған. Және де жеке кабинетіне бір реттік смс паролмен де кіруге болады.

Осылайша студенттер өздеріне қажетті қызмет түрлерінің көбісін смартфонға орнатылған қосымшамен алып отыр. Бұл туралы Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мен студенттер арасында өткен кездесуде айтылды.

Әлия ЖҰМАТАЙ, Шымкент қалалық ХҚКО-ның HR-менеджері: «Студент жастар көбінесе мекенжай анықтамаларын алады. Жұмысқа тұратын кезде соттылығы бар-жоғы туралы анықтама алады. Одан бөлек, некеге тұрып жатқан жастар көп. Олар некеге тұруға өтінішті электронды цифрлы қолтаңба арқылы береді. Сол қызмет түрлеріне көп жүгінеді».

Қазір электронды Үкімет порталында азаматты тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркету қызметін онлайн іске асыру әзірленіп жатыр. Яғни, қызмет қолданысқа толық енгізілгенде, азаматты үйде отырып та тіркеуге қоюға болады.

Жәнібек НҰРЫШ