Бүгінде телеарналарымызды түріктің және кәрістің кинолары жаулап алғаны белгілі. Олар жастарымызға бағыт-бағдар беріп отыратын көрнекі құрал іспетті. Кореяның «Жігіттің сабаздары» атты телесериалын тамашаламаған жасөскін кемде-кем. Бұл біздің қазақ киносында жасөспірімдерге арналған кино кеңістігінің бос тұрғанын көрсетіп берді.
Өтпелі кезеңнің өтінде тұрған жасөскіндер кімге еліктерін білмейді. Осындайда ұлттық батырларымыздың ерліктерін насихаттайтын, ұлттық болмысты кинолар керек-ақ деп күрсінбеске амал кем. Шекарамыз шектесіп жатқан өзбек ағайындардан үйренеріміз көп. Олар ешуақытта ұлтын масқаралап «Оскар» үшін кино түсірмейді. Тек ұлттық бағытта ғана жұмыс жасайды. Соңғы кездері оңтүстік облыстарда жастардың өзбек киноларына деген қызығушылығы артып келеді. Тіпті, аудармасы жоқтарын да тамашалай береді. Кәсіби деңгейі жоғары болмаса да өзбек киноларының көрермен көңілін жаулап алуының сыры неде? Өйткені ол өмірдің өзінен ойып алынған.
Шындыққа жанасымды. Көзге жас алмай отырып көру мүмкін емес. Олардың әншілеріне дейін ұлттық мүдде дегенде жанын салатынына куә болып жүрміз. Оңтүстікқазақстандық Атхамбек Юлдашев соңғы кезде кино саласында да өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп жүр. Көрермен назарына ұсынылған бірнеше кинолары өз бағасын алып та үлгерді. «Әке», «Ана», «Тағдыр» атты кинолары бүгінде жастың да, жасамыстың да сүйіп көретін туындысына айналған.
Айтпағымыз, Атхамбекке жарнама жасау емес. Оның ұрпаққа өнеге боларлық кино түсіруінде дер едік. Қай киносын алып қарасақ та, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді дәріптеп, қисық жолдың жарға жығатынын, қашанда адалдықтың алға шығатынын жастардың санасына сіңіріп келеді. Оның нәтижесі де жоқ емес. Ішкі істер саласында істейтін әріптесіміз айтады, соңғы кезде өзбек жастарының арасында аса ауыр қылмысқа баратындардың саны жыл жылжыған сайын кеміп келеді екен…
Атхамбектің өзі былай дейді: «Кейбір отбасылар тоқшылықтан, енді бірі жоқшылықтан шаңырақтары шайқалып жатады. Отбасы мемлекеттің тірегі десек сол тіректің берік болуы үшін қоғам болып күресуіміз қажет. Сол үшін де осы кинолардан өзін өзгелермен салыстырып ой түйсін деген мақсатымыз бар. Сол арқылы ұрпақ тәрбиелеуге аз ғана үлесімізді қоссақ, үмітіміздің ақталғаны».
Бізде де бір өзі бір ауылды асырай алатын өнер адамдары да, кәсіпкерлеріміз де жетіп артылады. Жарнама үшін жанын салатындар неге осындай ұрпаққа үлгі беретін кино түсіріп, имандылыққа тамшыдай болса да үлес қосуға келгенде кежегелері кейін тартады екен?…
Эпизод орнына
Кореяның «Жігіттің сабаздары» атты телесериалындағы кейіпкерлеріне еліктемейтін жас кемде-кем-ау, сірә.Тіпті, қарап отырсақ көп жас жігіттеріміз сол кинодағы кейіпкерлерге ұқсай ма, қалай? Нәзік, қыз сияқты үзіліп кетейін деп тұр. Шаштары қобыраңқы, шомалай үйгендей. Жүріс-тұрыстарын да айнытпай салуға тырысады. Ал, қыздарымыз сол актерлердің суреттерін жинап, альбом құрастырып жүр. Сол кинодағыдай ойда-жоқта бай жігітке тұрмысқа шығуды армандайтындары қаншама. Тіпті, «Ф-4»-тің жігіттерінің ролін сомдаған актерлер шыққан журналдардың әп-сәтте-ақ өтіп кететіндігінен-ақ бұл сериалдың жастарымыздың жүрегінен үлкен орын алғандығын байқатпай ма? Бізде неге жасөспірімдерге арналған осындай кинолар түсірілмейді? Кеңістік бос тұр…
Фильмнің соңы
Қай киноны алып қарасақ та, мәні мен мағынасы болуы қажет. Өйткені ол идеология құралы. Әр кинодан ұрпаққа өнеге боларлық тағылым ала алсақ ұтқанымыз. Өкінішке қарай, отандық кино өндірісі мұны тиімді пайдалана алмай отыр. Фильмнің соңында тамсана айтып жүрер керемет әсері болуы керек қой. Алайда қазақ фильмдерінің олқы тұсының орны қашан толар екен? …
Гүлжан Көшерова