Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған билік өкілдері соғыс ардагері Мұратәлі Төлепбергенұлын Ұлы жеңіс күнімен арнайы құттықтап барып, сый-сыяпат жасады.
Өңір басшысы қарияға екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жанкешті ерлігі мен еңбегі үшін алғыс айтып, ұрпақтың бақытты болашағы үшін отқа түскен майдангерге ізет көрсетті. Өзін құттықтай келген аймақ басшысына алғысын жаудырған қария ақ батасын берді.
Бүгінде тоқсаннан асқан ардагер кезінде Беларусь майданында болып, Украина, Беларусь жерлерін азат етуде ерлік көрсеткен. Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Перленберг қалаларында болған шайқасқа қатысқан. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін 2- дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», және мерекелік медальдермен марапатталған.
Германияның Биттенберг қаласында жауынгерлік жолын жеңіспен аяқтаған майдангер елге 1950 жылы оралған. Соғыс ардегері 2 ұл, 6 қыз өсіріп, 19 немере, 10 шөбере сүйіп отыр.