«Жоғары діни сауатты имамдар аз»

936

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы өкілдігінде наиб имам, ұстаз, молда, азаншы қызметтерін атқарып жатқан 1765 дін қызметкері бар. Олардың білім деңгейі, әлеуметтік қамтылуы қандай? Дінтанушы мамандар мен наиб мүфтиден сұрап білдік.

Бауыржан ЕСМАХАН, ҚМДБ-ның төраға
орынбасары, наиб мүфти:
– Тек қана Оңтүстік Қазақстан облысын ғана емес, Қазақстанның барлық жеріндегі имамдардың білімін зерттеп жүрміз. Мойындауымыз керек, жоғары діни сауаттылар аз, шындығы керек. Сол үшін ҚМДБ-ның 9 медресесі жұмыс істеп жатыр. Олардың бесеуі – медресе-колледж. Алматыда Нұр-Мүбәрак университеті бар. Сол жерде имамдардың білімін жетілдіруге, шыңдауға мүмкіншілік жасадық.
Мешіттің ішіндегі садақа жәшігі бар. Сол жәшікке қаражат түседі, соған түскен қаражаттан еңбекақысын алады. Бірақ, барлық жерде жәшікке қаражаттың түсуі бірдей емес. Қаланың орталықтарында мол түсуі мүмкін. Аудан орталықтарында жеткілікті түсуі мүмкін. Ал ауылды жерде түспеуі мүмкін. Бұл тәжірибемізде анықталған нәрсе. Сол себепті 2017 жылдың 1 шілдесінде Елбасымыздың тапсырмасымен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Уақып» қайырымдылық қорын құрды. «Уақып» қоры фукнцияларының негізгі міндетінің бірі – жәшігіне қаражат түспейтін, айлық алуға қиналып жатқан имамдарға стипендиялық көмек беру. Ақпаратымыз бойынша екі жүздей ауыл имамының тізімі жасалып, «Уақып» қайырымдылық қорынан 30-50 мың теңгенің шамасында стипендиялық көмек алып жатыр. Тағы 190 имаммен толығады деп күтіліп отыр. Олардың аз да болса мешіттерден алып жатқан еңбекақылары бар. Мешіттен алатын еңбекақысынан зейнетақы қорына жарна ұсталады. Бұл кісілер мешітте жұмыс істей жүріп, зейнетке шыққан кезде де зейнетақысын алоады. Сондай бір көп мөлшерде болмаса да зейнетақы қорында өзінің қаражаты болады. Ауылдық жерде дәл осындай жүйе жасалуда.
«Уақып» қорындағы қаржылай көмек ай сайын беріліп тұрады. Жәшігіне байланысты. Ол адам жәшігінде қаражаты жоқ, 10-15 мың ғана алып жүрген болуы мүмкін.
Соның үстіне қосымша 30 мың немесе 50 мың теңге ай сайын беріліп тұрады, оларға. Жәшікке түскен қаражаттан алатын еңбекақысының белгіленген лимит бар.
Облыс имамының, қала имамының, ауыл имамының айлық мөлшері бар. Оны есепшілері қарап отыр. Олар содан асырып ала алмайды.
Соған жетпей жатқандарға, оның негізгі алу керек айлығы 50 мың болса, ол 15 мың ғана алып жатыр.
Ауылды жер, шет жер, ешкім бармайды. «Уақып» қоры соның үстіне толтырып стипендиялық көмек көрсетеді.

Мәди Бесбаев,
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директорының орынбасары:
– Бізде екі медресе-колледж бар. Соңғы екі жылдың ішінде облыстық бюджеттен осы медресе-колледждерге гранттар тағайындалып отыр. 175 орын алдыңғы жылы. Биыл 172 орын. Бұл біздің қала-аудандардағы мешіттерге имамдардың қажеттілігіне орай туындап отыр. Біз имамдардың білімін керемет деп айта алмаймыз. Басым көбісі – орта арнаулы білім иелері. Медресенің деңгейінде қалып қойған. Жоғары білімді имамдар біздің облыстың өзінде көп емес. Қазіргі таңда мұның басты себебі – бізде мешіт көп болғанымен, маман тапшы. Өйткені, бізде имамдардың әлеуметтік пакеті шешілмеген. Ауыл-ауылдардағы имамдар, сөздің шыны, садақа, халық тарапынан жиналған қаражатпен күн көріп жатыр. Республикада «Уақып» қоры құрылды. Биылдан бастап біраз мешіттің имамдарына осы Уақып қорынан айлық деуге де бола ма, көмек ретінде 60-80 мың теңге көлемінде көмек берілді. Болашақта барлығы қамтылады деген жоспарлар бар.
Біз зайырлы мемлекетпіз. Мемлекет дін ісіне, дін мемлекет ісіне араласпайды. Барлық діндерге бейтарап қарайды. Егер мемлекет ҚМДБ-ны қолдайтын болса, онда Қазақстанда тіркелген барлық діни бірлестіктерге қолдау көрсету керек. Ал бұл зайырлылық принциптеріне қайшы келеді. Сондықтан бұл – қоғамдық ұйым. Қоғамдық ұйым – кейбір облыстарда демеушілер тарапынан имамдарға автокөлік, қызметтік үй, жалақы тағайындау. Яғни ол кәсіпкерлер тарапынан және оны ұйымдастырушылық дін істері басқармасы бола ма, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қамтамасыз етілу үшін жасалып жатқан дүние. Біздің облыста демеушілер тарапынан қаржыландыратын имамдар жоқ емес. Қазір Бас мүфти өкіл имамдарды ғалымдардан қойып жатыр. Бұл қуантады. Ғалымның болғаны дұрыс. Имамдардың ғылыми деңгейін, онымен қоса зайырлы білімін де жетілдіру керек сияқты.

Медет Халықов,
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы
маманы:
– Қазіргі таңда ҚМДБ-ға тиесілі бірлестіктерде 3800 имам жұмыс жасайды. Оның 19 пайызы жоғары діни білімді, 27 пайызы орта арнаулы медресе-колледждерді бітірген. Ал қалған 54 пайызы сауаттылық арттыру курстарын, ҚМДБ жанынан құрылған арнайы ислам институттарында білім алған. Тәуелсіздік алғалы бері біздің елімізде ҚМДБ 7-8 пайызы кадрлық өлшемі шетелдік жоғары орындарында оқыған екен.

Жәнібек Нұрыш