Шымкентте Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумы өтті. Іскерлердің басын қосқан жиын қос елдің алыс-беріс барыс келісін ұлғайтуға сеп болмақ. Бизнес өкілдері бірлескен жобаларды, өндімдерді экспорттау мен импорттауды, инвестициялық ұсыныстарды талқылады.
400 — ден астам кәсіпкер жиналған бұл кездесу еркін форматта өтті. Ашық диалог алаңында іскерлер өзара пікір алмасуға мүмкіндік алды. Айта кетейік, ОҚО мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қатынастар қарқынды дамып келеді бүгінде. Өзбекcтан Нидерландыдан кейін облыстың негізгі сауда әріптестерінің бірі болып табылады. Ендігі мақсат, алыс-беріс, барыс-келісті әрмен қарай ұлғайту. Жаңа идеяларымен келген өзбекcтандық кәсіпкерлер фармацевтика саласында бірлескен жобаларды қолға алуға әзір.
Былтырғы жылдың қорытындысымен алғанда тауар айналымы 11,7 пайызға артып, өткен жылмен салыстырғанда 622,6 млн. АҚШ долларын құрапты. Облыстың Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымындағы үлесі 31 пайызды құрайды екен. Егер көрші ел президенті уәде еткен кәсіпкерлерге қойылатын кей талаптар қайта қаралса, экспорт көлемін арттыру бізге де тиімді болар еді дейді біздің іскерлер.
Сарапшылар облыста аграрлық секторда кластерлік пилоттық өндіріс құрудың барлық мүмкіндіктері бар дейді. Тоқыма кластерін дамытуда, фармацевтика, тамақ өндірісінде де қос ел кәсіпкерлерінің бірлесе атқаратын жобалары да телегей табыс әкелуі ғажап емес. Ауқымды идеяларға жола ашады деп күтілген форумның қаншалықты жемісті болары уақыт еншісінде.