Қазақстанда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешектерге шектеу енгізілмек

439

Қазақстанда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.

Атап айтқанда, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.

«Бүгінгі таңда мемлекеттің дін саласындағы саясаты еліміздегі түрлі этностар мен діни топтар өкілдерінің бейбіт өмір сүруінің, конфессияаралық келісімнің кепілі болып отыр деп толық сеніммен айта аламыз.

Мемлекеттің діни бостандығын қамтамасыз ету саласындағы құқықтық базасы әлемдік демократиялық стандарттарға толықтай сәйкес келеді. Мұны осы бағытта зерттеу, тексеру жүргізетін халықаралық, құқықтық ұйымдар да, сарапшылар да растайды. Алайда, өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан геосаяси, діни ахуал, экстремизм мен терроризмнің күшеюі дін саласындағы ұстанымдар мен нормативтік, құқықтық нормаларды жетілдіруді талап етіп отыр. Бұл әлемнің барлық елдерінің басындағы жағдай. Бұл мәселе бізді де айналып өтпейді.

Сондықтан, дін саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған қадамдар мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін ауадай қажет деп санаймыз. Заң жобасын әзірлеу барысында шетелдік заңнама нормаларын зерделеуге және оның қолданылуына ерекше көңіл бөлінгенін баса айтқым келеді», — деді министр.

Белгілі болғандай, жобада 12 заң актісіне, соның ішінде 3 кодекс пен 9 заңға 53 түзету енгізу көзделген. «Заң жобасының ең маңызды нормаларына тоқталсақ, оны шартты түрде үш блокка бөлдік. Бірінші блокқа дінді деструктивті мақсаттарға қолдануға жол бермеуге бағытталған түзетулер кіреді.

Атап айтқанда, «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» деген жаңа ұғымдар енгізіледі. Бұл ұғымдарды енгізу және деструктивті діни ағымдардың идеологиясын, атрибуттары мен сыртқы белгілерін таратуға тыйым салу арқылы сырттан елімізге жат иделогияның енуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Жобада бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салу көзделген. Мұндай шараларды енгізу азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет.

Айта кетейін, мұндай нормалар Бельгияның, Францияның, Болгарияның, Австрияның және басқа да бірқатар мемлекеттердің заңдарында қолданылады. Бұл норма дінге ғана қатысты емес, сол себепті ол «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңға енгізіліп отыр», — деп нақтылады Д. Кәлетаев.