Қазақстанда есек етінен тағам дайындайтын орындар бар ма?

634
Википедия

Биыл ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне көшеде сатылатын самсалардың сапасына қатысты шағымдар түскен жоқ. Бұл туралы inform.kz агенттігіне ведомствоның Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінен мәлім етті.

«Қолданыстағы санитарлық қағидалардың талаптарына сәйкес, ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтпеген, таңбасы жоқ ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрінің еті мен қосымша өнімдерін қоғамдық тамақтану орындарына қабылдауға және пайдалануға жол берілмейді. Сондықтан 2017 жылы және 2018 жылдың бірінші тоқсанында тексерумен қамтылған қоғамдық тамақтану нысандарында және өндірістерде есек немесе ит еттерінің пайдаланылуы анықталған жоқ», — деп атап өтілген комитеттің ҚазАқпаратқа берген ресми жауабында.

Бұдан бөлек, ведомство көшеде сатылатын самсаларға қатысты мәліметпен бөлісті.
«Самса, бәліш сатылатын ұсақ сауда орындары эпидемиологиялық тұрғыда шағын нысандар тізіліміне жатқызылады. Аталған нысандар жоспардан тыс тексерумен ғана қамтылады. 2018 жылдың бірінші тоқсанында самса, бәліш сату орындарының жұмысына қатысты шағымдар түскен жоқ. Осыған орай жоспардан тыс тексерулер жүргізілмеді», — дейді комитет өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин көшеде сатылып жүрген бәліштер мен самсалардың құрамы жайында мәселеге түсінік берген болатын.

Осы мәселеге қатысты шағымдар өте аз екеніне тоқталған ол, көбісі наразылықтарын айтқанымен, аталған өнімдердің сапасына қатысты ресми жүгінетіндер сирек кездесетінін жеткізді.