Үйлі болуға тағы бір мүмкіндік бар

1035

Үйлі болуға тағы бір мүмкіндік туып отыр. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Өз үйім» бағдарламасы аясында үлескерлік құрылысты іске асыруда. Ал үлескерлердің қауіпсіздігін «Тұрғын үй құрылысы кепілдендіру қоры» қамтамасыз етеді. Қолжетімді бағада салынып жатқан бұл баспаналардың сапасы қалай, пәтерлерге кімдер қол жеткізе алады?

Құрылыс алаңында жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. Жұмысшылар болашақ зәулім үй кешенінің іргетасын салуда. «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС-і наурыз айында нысан құрылысын қолға алған болатын. «Бақыт» деп аталатын тұрғын үй кешені Шымкенттегі әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан. Келер жылы пайдалануға берілетін 9 қабатты тұрғын үйде 1,2 және 3 бөлмелі 104 пәтер бар. Құрылыстың сапасы мамандардың қатаң қадағалауында. Екі ауысымда жұмыс істеп жатқан құрылысшылар өндірістік кестеден ауытқымай келеді.

Құны қолжетімді бұл пәтерлерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның «Өз үйім» бағдарламасы арқылы алуға болады. Тұрғындарды сапалы әрі нарықтағыдан арзан баспанамен қамту мақсатында қолға алынған бұл бағдарлама аясында пәтерлердің әр шаршы метрі 200 мың теңгеге бағаланып отыр. «Тұрғын үй кепілдендіру қоры» АҚ үлескерлер салымын сақтауды толық қамтамасыз етеді дейді мамандар. Шарттар қарапайым. Несие рәсімдеу кезінде болашақ баспана кепілдікке қойылады. Жылдан жылға шарайланып келе жатқан шымқаланың ажарын аша түсетін болашақ тұрғын үй кешенінің құрылысы келер жылы аяқталып, сәуір айында ел игілігіне табысталады деп күтілуде. Қазір банкте пәтерлерге конкурс жарияланып отыр. Құрылысшылар модульді құрастырмалы тұрғын үйлердің іргетасы 50 жылға дейін шыдас береді дейді.