Үздік жас суретшілер анықталды

1281

«Бір өлең — бір сурет». Дәл осындай ұранмен облыстық бейнелеу музейінде жас суретшілердің байқауы өтті. 50-ге жуық жас қылқалам иелерінің басын қосқан шара Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Бейнелеу өнері музейіне жиналғандар 4 сағаттың ішінде қазақ елі мен жері туралы ұшқыр қиялын, ойын ақ қағаз бетіне түсіруі керек. Жиналғандардың басым көпшілігі, өздерінің шығармаларына Астана қаласын арқау еткен.

Байқау қазақ елі мен жерін қағаз бетіне түсірумен шектелген жоқ. Үміткерлер ақын Құрал Көмектің шығармаларын да жатқа оқу керек еді.  Бірақ, дайындық аз болды ма, әйтеуір үміткерлердің барлығы да шығармаларды қағазға қарап оқып берді.

 1 күнге созылған өнер байқауының жеңімпаздарын әділқазы алқасына анықтау оңайға соққан жоқ. Әсіресе, үздік суретті анықтау қиын болды.

Сонымен байқау қорытындысы бойынша ақынның өлеңдерін параққа қарап оқыса да нақышына келтірген 2 студент 30 мың теңгелік сыйақыға қол жеткізді. Үздік компазияция номинациясын жеңіп алған тағы екі қатысушы да осы көлемдегі қаржылай сый алды. Ал — 3 орынды — 6, екінші орынды — 4 қатысушы місе тұтты. Бірінші орынды иеленген 2 жасқа 80 мың теңгелік сертификат табыс етілді. Ал 100 мың теңгелік бас жүлдені Литвинова Валерия жеңіп алды.

Валерия Литвинова, бас жүлде иегері:
— Осыдан 3 ай бұрын таныс құрбым осындай шараға қатысамын, сен де жүрсей деді. Жастайымнан сурет салғанды ұнатамын. Сондықтан бағымды сынап көргім келді. Бірақ жүлделі орыннан көрінемін деп ойламадым. Өте қуаныштымын. Үлкен рахмет, осылай өнерімді бағалаған жандарға.

Айта кетейік, 100 мың теңгелік тағы бір сертификат кәсіпқой суретші номинациясы бойынша үздік аталған суреттің иесіне табыс етілді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ