Облыстың бас педагогы: «ҰБТ-де шекті балл жинай алмау, ұят емес»

169
Фото "Алаш айнасы"

Биыл оңтүстікте 16 ұлттық бірыңғай тестілеу пунктері жұмыс істейді. Оның төртеуі ЖОО базасында орналасқан. Барлығында тест тапсырушы түлек үшін жағдай жасалады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлім етті.

Бас мұғалімнің айтуынша, биыл облыста 34 мыңға жуық бала мектеп бітіреді.
Бітіруші түлектердің 14 мыңы он-тест жүйесіне тіркеліп, дайындығын шыңдаған. Биыл жүзеге асқан жоба оң нәтижесін береді деген жоспар бар. Оқушыларды психологиялық тұрғыдан дайындау да назардан тыс қалмаған. Ата-аналарына дейін түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Исатай Сағындықов, облыстық білім басқармасының басшысы: «Психологиялық көмек — ол біздің қамқорлығымыз. ҰБТ-ға бір күн қалғанда ата — ана баласының демалысын ұйымдастыруы тиіс. Өйткені  бала жақсы тынығып, күш жинауы қажет. Тапсыра алмай қалса өмір мұнымен бітпейді. Ол ұят емес. Келесі жолы тапсырады».

Шекті балды жинай алмаған түлектер ҰБТ-ны қайта тапсыруларына болады. Бірінші сынақ ағымдағы жылы тамызда ұйымдастырылса, екіншісі келер жылдың қаңтарында өтеді. Облыстың бас педагогы тесттегі басты ерекшеліктерге тоқталды.

«Биылдан бастап мемлекеттік грант бөлу жүйесіне өзгеріс енгізілді. «Алтын белгі» иегерлері ҰБТ-тен төмен балл алған жағдайда мемлекеттік грантқа үміткер бола алмайды. Айта кететін жәйт, гранттың басым бөлігі техникалық мамандықтарға бөлінбек. Ең бастысы мамандықты дұрыс таңдау. Бұл бағытта мектептерде жұмыс жүргізілген»,- дейді Исатай Сағындықов.

ҰБТ тапсыру күні ата-аналарға да жағдай жасалатыны мәлім болды. Бейнекамералар арқылы тест тапсыру барысын бақылауға мүмкіндік болады. Ал түлектердің 11 жыл бойы алған білімін дәлелдей білуі тек өздеріне байланысты.