Қазақстан Халқы Ассамблеясына қатысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Өңірлік Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарын ауыстыру ұсынысы қаралды. Қоғамдық келісім үйінде ХХІ -сессия алдында өткен кеңес мәжілісінде осы және өзгеде мәселелер қаралды.
Кеңес мәжілісін облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков ашып берді. Сөзінде Қазақстан Халқы Ассамблеясы туралы заңға енген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Атап айтқанда, медиацияны дамытуға жәрдемдесу заң жүзінде бекітілгенін жеткізді. Этномәдени бірлестіктер Ассамблеяның құрылымына енгізіліп, тек қоғамдық акредиттеу рәсімінен өткен этномәдени бірлестіктермен жұмыс жүргізілетінін ескертті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру. Бұл тақырыпта көпұлтты тұрғындарды қамтитын Сайрам ауданының басшысы есеп берді. Әкім халықтың тыныштығын сақтап, ұлт аралық жанжалды болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал облыс әкімінің орынбасары аудан әкімінен Сайрамда хиджабты шешуден бас тартқан оқушылар мен ұстаздардың мәселесін келісіммен шешу жолын сұрады.
Ұласбек Сәдібеков, ОҚО әкімнің орынбасары : «Білім туралы заңда мектеп формасы бекітілген, соған қарамастан Сайрамда әлі 90 бала діни үлгідегі киіммен келеді, тура осы мәселені келісіммен шешу мақсатында Ассамблея қандай жұмыс атқарып жатыр?»
Бақтияр Мамаев, Сайрам ауданының әкімі: «Орамалын шешпей жүрген оқушылардың саны 128 еді, қазір 90. Арнайы комиссия және этноорталқтармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Тағы 4 мектептің ұстазы орамалын шешті. Келесі оқу жылынан бастап, тапсырмаға сәйкес барлық оқушы білім заңына сәйкес мектеп формасымен келеді деген ойдамын».
Жиын барысында өңірлік Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметіне облыстық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Бадритдин Нышанқұлов пен армян этномәдениорталығының төрайымы Наира Мовсисянды тағайындау ұсынылып, бірлестік мүшелерімен мақұлданды.
Енді ұсынылған азаматтар толығымен жұмысқа кірісуі үшін өңірлік Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасы, яғни Жансейіт Түймебаевтың соңғы сөзі қалды. Сондай-ақ, Ассамблея қызметін сүйемелдеу мақсатында құрылған ғылыми-сарапшылық топ құрамы мен Ассамблеяға мүше үміткерлердің тізімі бекітілді. Жиын соңында 31 мамыр күні өтетін Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясына дайындық жұмыстары пысықталды.