Шымкент гарнизонының әскери сотында экс-әскери шенеуніктің ісі қаралып басталды. Қызылорда облыстық қорғаныс істері Департаментінің бұрынғы басшысы сотталып жатыр. Полковник Мұрат Дәулетбаховпен бірге оның бұрынғы қарамағындағы үш қызметкер сот залында жауапқа тартылуда.
Экс — әскери шенеунік, полковник алаяқтық пен бірнеше рет пара алғаны үшін айыпталып отыр. Қалған үшеуі, яғни қарамағындағылары пара бергендері үшін және пара алуда делдалдық жасағандары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қызылорда облысының экс-бас әкери комиссарын биылғы жылдың қаңтар айында сыбайлас жемқорлықпен күрес Ұлттық бюро қызметкерлері құрықтаған.
Ұлттық бюроның мәліметінше, әскери полковник қарамағындағылардан шенін жоғарылату үшін сыйақы жинап келген. Тәртіптік жауапкершіліктен босату мен қызметтегі «қамқорлық» та полковникке тағылған айыптардың бірі.