Көрмеге тоқыма, киім және теріден жасалған өнімдер, фармацевтика, жиһаз, сувенирлер, спорттық тауарлар мен ойыншықтар өндіретін оңтүстікқазақстандық және өзбекстандық 60-қа жуық кәсіпорындар қатысуда. Бауырлас халық арасында ұйымдастырылған көрме жұмысымен өңір басшысы танысып, екі елдің өзара ынтымақтастық қарым-қатынасының және сауда — экономикалық байланысының бұдан әрі дами түсетінін атап өтті. Өзбекстандық кәсіпкерлер де іскерлік қарым-қатынасты нығайтуға дайын.
Мухаммед Кобилов. өзбекстандық кәсіпкер: «Мұндай көрмеге біз бірінші рет қатысып жатырмыз. Жұмысымызды бір жыл бұрын бастаған едік. Осындағы нарықты, сүранысты байқаймыз. Көреміз, мүмкін келісімшарт та түзетін шығармыз».
Соңғы жылдары екі ел арасындағы экономикалық қарым — қатынас артқан. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанмен сыртқы сауда айналымының көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құраған. Оның 30 пайызы күнгейге тиесілі. Күн санап кәсіпкерлердің артуы, ісінің оңға басуы негізгі себеп. Мұны қарапайым тұрғын да бірден байқайды.
Шымкенттегі жоғарғы оқу орнының оқытушысы «Өзіміздің оқытқан түлектеріміз — тоқымашыларымыз жақсы маман болып жұмыс жасап жатыр екен. Неғұрлым отандық тауарларымыз көп болса, өзіндік құны да төмен болады» — дейді.
Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысындағы мыңнан астам кәсіпорындар мен мекемелер түрлі салада Өзбекстан кәсіпкерлерімен табысты ынтымақтастық орнатқан. Ал өңірде тігін -тоқыма саласы да дамып келеді. Облыста шұлық шығаратын және дайын тоқыма бұйымдары мен арнайы киім тігетін фабрикалар жұмыс істейді. Осы салада екі ел арасындағы байланыс артса, өнім халыққа қол жетімді бағада жетеді. Екі күнге жалғасатын көрме аясында «Екі елдің кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін артту» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастыру жоспарланған.