Ащысай ауылын түлетуге қытайлық инвесторлар үлес қоспақ

1190
Ащысай

Тау бөктерінде орналасқан Ащысай ауылында Кеңес кезінде халықтың саны 17 мыңнан асатын. Тоқырау кезеңінде тоқтап қалған өндіріс орындары талайды тентіретіп жіберді. Ел үкіметі шалғайдағы ауылдарды түлетуді соңғы 3-4 жылда қолға алды. Тұрмысы түзеле бастаған Ащысайда тозығы жеткен көшелері жөндеуден өтіп, жарықтандырылған. Өткен ғасырдың 60 жылдары салынған мәдениет ошақтары да ағымдағы жөндеуден өтіп, кеңінен пайдаланылуда.

Шалғайдағы Ащысайда жаңа спорт алаңшасы бар

«Жаңа спорт алаңдары салынып, балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Жергілікті өз-өзін басқару заңының аясында ауыл биыл өз бюджетіндегі 1 млн. 750 мың теңгеге  балалар алаңшаларын салуды жоспарлапты. Тұрғылықты халықты ауыз сумен қамту кезеңімен жүзеге асуда»,- дейді үш жыл бұрын мәслихат депутаттарымен сайланған әкім.

Қайрат Қабылбеков, Ащысай ауылының әкімі

Қайрат Қабылбеков, Ащысай ауылының әкімі: «Ауыз су бұрын ауылға екі сағат қана берілетін. 2016 жылы қалалық бюджеттен 25 млн. бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Содан бері 12 сағат берілетін болды. Келешекте тәулік бойы беру үшін жұмыс атқарып жатырмыз».

Ауыл әкімдігі жылдың соңына дейін Жанкелдин көшесін ағымдағы жөндеуден өткізіп, тозығы жеткен орталық саябақты жаңаламақ. Ащысайда тұратын 2 мыңнан астам халықтың  93-і жұмыссыз, 254 -і вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Қалғандарын тұрақты жұмыспен қамту бағытында, ауылды өркендету мақсатында қытайлық инвестор тартылыпты.

Нысанбай Кенжебаев, Қытай инвесторларларының ОҚО-дағы  өкілі: «Қытайлық инвесторлар  өндіріс қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын ашу бағытында ОҚО-ды жұмыс жасауда. Олар  былтыр банкте кепілдікте тұрған,  банкротқа ұшыраған  Ащысай полиметалл комбинатын  аукционда 61 млн. теңге құйып сатып алды. Шикізатсыз  өндіріс болмайды. Сондықтан бұл жағын да  шетелдіктер қамтыған».

Қытайлықтар озық технологияларды пайдаланып, Шымкенттегі қорғасын зауытының жарамды қалдықтарын өңдеп, арасынан 15-17 пайыз қорғасын, мырышын алып әлемдік нарыққа шығарады деген жоспармен келіпті. Бірінші өңдеу өндіріс орны вальц пеші Бадамдағы индсутриалды аймақтағы 15 гектарда орналастырылса, екінші өңдеу өндірісі- шахта пеші осы Ащысайда орналасады.

Аталған кәсіпорындарда жергілікті мамандардың үлесі 90 пайызды құраса, қалғаны шетелдіктер. Шлактың қоры  бес жылға жететінін қытайлықтар анықтаған. Шлак таусылса,  Ащысайдағы  қазба байлықтары алынып,  өндеуден өткізіледі. Ұзақ мерзімді жобаны жүзеге асыру 25 жылды қамтымақ.

Тассарай

Қазіргі таңда инфроқұрылымдарды тарту, экологиялық қауіпсіздік шаралары пысықталуда. Бұдан бөлек Ащысайды жаңғырту бойынша тұрғылықты кәсіпкерлер де ат салысуда. Олар Тассарайдың экологиялық туризмді дамытуға керемет мүмкіндіктерін пайдаланып шалғайдағы өлкені әлемге танытпақ.