Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қ. полицейлері «Дон» атты қызметтік иттің көмегімен есірткі заттарын өткізетін күдіктілерді ұстады. Өткен жылы полиция бөліміне белгісіз біреулер есірткі заттарын өткізумен айналысады деген хабарлама түскен.
Арыс қ. ІІБ полицейлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары барысында төрт күдіктіні қолға түсірді. Ұсталғандардың үйін тінту кезінде жедел қызметкерлер қызметтік иттің арқасында өсімдік текті есірткі заттардың орамасын анықтап, тәркіледі.
Сот-криминалдық сараптамасына сай тәркіленген есірткілердің жалпы салмағы 2 кг астам марихуананы құрады. Күдіктілер тұтқындалды. Қазіргі таңда аталған жайтқа «есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Арыс қ. ІІБ-нің айтуынша, «Дон» полицияда бір жылдан астам уақыт қызмет етеді және тәртіп сақшыларына бірнеше қылмысты ашуға көмектесті.
ОҚО ІІД –де 40-тан астам арнайы даярланған қызметтік полиция иттері қызмет етеді. Оларды есірткі заттарын анықтауға, іздерді және жарылғыш заттарды табуға, қарауылшылық қызметте, қылмыскерлерді іздеу және ұстау, қоғамдық тәртіпті сақтауда пайдаланылады.
ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы