Күнгейде мемлекеттік қызметкерлердің қатары анағұрлым артуы мүмкін. Бұл үшін қазір осы мақсатта қаламыздағы ЖОО қабырғаларында және көпшілік орындарда түрлі жобалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Игі бастама қаламыздағы «Бейнелеу өнері» мұражайының ғимаратында да жалғасын тауып, белсенді студенттердің басын қосты.
«Мемлекеттік қызмет — менің таңдауым» тақырыбы аясында өрбіген «Брейн-ринг» интеллектуалды ойынына арнайы жасақталған 4 құрама қатысып, мемлекеттік қызмет заңнамаларына сәйкес сауалдарға жауап берді. Өзара сайысқа түсті.
Ал зияткерлік ойындағы үміткерлердің сауат-білімін 4 адамнан құралған қазылар алқасы бағалап отыр. Енді осы танымдық жарыста жеңіске жеткен студенттер аталған департамент жанынан құрылған арнайы мемлекеттік қызмет мектебіне жолдама алады. Айта өтейік, бүгінде ОҚО-да 8769 мемлекеттік қызметкер бар.Гүлнәз Зейнулла, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы: «Мемлекеттік қызметкерлердің 15 пайызын жастар құрайды. Жасыратыны жоқ, бұрындары жас толқын мемлекеттік қызметкердің жалақысы аз деп келе бермейтін, қазіргі уақытта керісінше белсенділігі артты. Себебі қазіргі ахуал анағұрлым жақсарды және жастар да Ел патриоты ретінде жауапкершілігі еселенді. Ал бұл салада сұраныс көбіне ауыл шаруашылығы және құрылыс секілді мамандарға көптеп түседі».