Кәсіпкер әйелдер көбіне кеңседен қиналады. Бизнесті дөңгелетуге ыңғайлы орын болмай, табысының бір бөлігін жалдамалы ғимараттарға жұмсауға мәжбүр. Бұл жағдай қыз-келіншектердің қолын байлап отыр дейді бүгін Сайрам ауданында өткен іскер әйелдер форумына жиналғандар.

Жеке кәсіпкер Ұлбосын Балабекова қыздың жасауын тігумен айналысады. Оның ұлттық нақышта өрнектелген көрпе, жастығы мен той бастар бұйымдарына сұраныс көбейе түскен бүгінде. Осыған дейін екі қолға бір күрек таппай қиналған ол «Өрлеу» жобасына қатысып, қазір бірнеше адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік алған.

Ауданға қалталы инвесторларды тарту үшін ұйымдастырылған жиында кәсіпкерлікке кесе көлденең кедергісін туғызып жатқан тұстар да ара-тұра айтылып қалды. Іскер әйелдер сөзіне қарағанда, бүгінде бизнесвумендердің көбісінде жеке кеңсе жоқ. Отандық тауарға деген сенімсіздік те бренд қалыптастыруға кері әсер етеді екен.
Шара соңында көпшілік сән көрсетілімін тамашалады. Онда күнгейдің іскер әрі ісмер әйелдерінің қолынан шыққан киім үлгілері таныстырылды.

Бүгінде өңірде жұмыс істеп тұрған орта және шағын бизнес субьектілерінің 30 пайызын әйелдер құрайды. Қыз-келіншектер басқаратын 6 мыңға жуық кәсіпорында қазір жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. 13 мың әйел ауылшаруашылығы фермаларын басқаруда. Бұрымдылар түрлі мемлекеттік бағдарламаларды оңтайлы пайдаланып тамақ және жеңіл өнеркәсіп, сауда-саттық, қызмет көрсету салаларын ұршықтай иіріп отыр.

Тоғыз жолдың тарыбында орналасқан Сайрам ауданының инвестициялық мүмкіндіктері молынан. Облыс орталығына жақын ауданда ет-сүт, көкөніс өнімдерін өндіру қолайлы. Бүгінгі жиынның түпкі мақсаты да осы. Кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты арттыру арқылы ауданға жан-жақтан инвестиция тарту. Форумның діттегені қаншалықты орындалатынына уақыт төреші.