Мақтарал ауданында 42 мың 500 гектарға мақта дәні себілді. Ауа-райының қолайлығын тиімді пайдаланған мырзашөлдік диқандар күніне 8 мың гектар алқапта ақ алтын егу үстінде. Бүгінгі таңда мақташыларға қажетті 2500 тонна шит үлестіріліп берілсе, әлі қамбада 600 тонна тұқымдық шит бар.
Қазіргі таңда аймақта 42 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік алқаптары электронды картаға енгізіліп үлгерді. Бүгін бұл туралы Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың төрағалығымен өткен ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жиында мәлім болды.
Жиынға шаруа қожалықтарының төрағалары, ауылдық округтердің әкімдері, мақта зауыттарының басшыларынан құралған 300-ге жуық адам қатысты. Шараның мақсаты – Мақтарал ауданының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың тиімді жолдарын талқылау болатын.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов жиналғандарға көктемгі дала жұмыстары мен егістік алқаптарды электронды картаға енгізу жұмыстарының барысын баяндады. Оның айтуынша, мақтаралдық шаруалар әлі де болса, егістік алқаптарын электронды картаға енгізуге енжар қарап отыр. Егер диқандар аталған науқанға немқұрайлылықпен қараса, мақтаға қажетті тыңайтқыштар мен субсидияны ала алмай қалу қаупі туындайтынын жеткізді.
Атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныс болған аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев цифрландыру жұмыстарына қажетті мамандар тарту, жер кадастры мен жер қатынастары басқармаларынан қосымша қызметкерлерді көмекке шақыратынын айтты.
«Алдағы 10-15 күнде ауданымыздағы мақта егу науқаны толық аяқталуы тиіс. Араға аз уақыт салғаннан соң диқандар тарапынан мемлекет тарапынан берілетін тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы күрес шараларына қажетті химиялық дәрілерге деген сұраныс арта түседі. Сондықтан, барлық егістік жерлерді электронды картаға енгізіп бітуіміз керек. Егер, бұл жұмыстар кешеуілдейтін болса, мемлекет тарапынан берілетін барлық көмектен құралақан қалуымыз мүмкін», — деді Жамантай Қанайұлы.
Жиында сөз алған «Нұралы жол» шаруа қожалығының төрағасы Ербол Ералиев мемлекет тарапынан берілетін мақта зиянкестеріне қарсы химиялық дәрілердің орнына қаржылай көмек берілсе деген ұсынысын білдірді. Сондай-ақ, ол шаруаларға арзан дәрі-дәрмекті пайдаланудың тиімділігі аз екенін жеткізді.
Алқалы басқосуда мақтадан бөлек өзге де дақылдарды егу ісін қолға алып, ауыл шаруашылығын әртараптандырудың пайдасы жайлы айтылды. Суармалы жерлердің тиімділігін арттыру, бәсекелесітікке төтеп беру, заманауи соңғы технологияларды тиімді пайдалану бағытында да жиынға қатысушылар пікір алмасты.
Жиынды қорытқан аудан басшысы Ж.Бейсенбаев мал бордақылау алаңдарын, сүтті мал фермаларын, құс фермаларын, камбикорм зауытын, балық шаруашылықтарын ауданда ашу туралы ұсынысын айтып, аталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік бағдарлама аясында 6 пайыз жеңілдікпен несие берілетіндігін атап өтті.
Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі