Мақтаралдықтар мерекені атап өтті

496

1 Мамыр — «Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесін мақтаралдықтар жылдағыдан ерекше атап өтті. Жетісай қаласының орталық алаңына жиналған халық салтанатты кештің куәсі болды.

Мереке күніне орай базар нарқынан 15-20 пайыз төмен бағада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Мұнда ауданымыздың диқандары өндірген өнімдер арзан бағада ұсынылып, тұрғындарға жеңілдіктер жасалды. Айта кетейік, мақтаралдық шаруалар қазірдің өзінде 10 мың тонна қырыққабат дақылын өндіріп, еліміздің солтүстік облыстары мен Ресейді қамтып отыр.

Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев ең алдымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін аралап көрді. Сондай-ақ, еліміздің бейбітшілігін, ырыс-ынтымағын насихаттайтын көрмені тамашалап, сахна төріне көтерілді.
«Құрметті мақтаралдықтар! Бұл дәстүрлі әрі айрықша мерекені еліміздің барлық қалалары мен ауылдары зор қуанышпен тойлап жатыр. Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген керемет қанатты сөз бар. Дана халқымыз мұны тегіннен-тегін айтпаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды.

Мақта, қауын-қарбызымен бүкіл әлемге танылған, диқаншылық дәстүрдің ізін жалғаған Мақтарал ауданының еңбекқор халқы да тәуелсіздікпен келген барлық игіліктердің куәсі болып келеді. Барлығымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық! Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!» — деді аудан басшысы.

Мұнан соң Жамантай Қанайұлы «Мақтарал ауданының құрметті азаматы» атағын алған бірнеше азаматтарды салтанатты түрде марапаттады. Аудандық мәслихаттың шешімімен бұл марапат 25 азаматқа белгіленсе, бүгінгі іс-шарада соның 11-і марапатталды. Сондай-ақ, «Мақтарал ауданының құрметті азаматы» атағы қалған 13 азаматқа алдағы мерекелік іс-шараларда табысталатын болады.

Іс-шара барысында көрші Өзбекстан елінің Сырдария облысына қарасты Сырдария және Мырзашөл аудандарынан келген делегация құрамы таныстырылып, қонақтарға сөз кезегі берілді. Өз кезегінде делегация құрамы елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биыл «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» деп тануы — екі туысқан елдің арасын бұдан да жақындастырып, көрші елдердің алыс-берісін арттырып жатқанын атап өтті. «Қонақжай қазақ халқына, бізді жылы лебізбен қарсы алған Мақтарал ауданына және оның әкіміне өз алғысымды білдіремін!» — деді делегацияның өкілдері.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласып, еліміздегі ұлт пен ұлыстардың достығы суреттелетін көріністер көрсетілді. Ел бірлігін, ынтымағын насихаттайтын әндер айтылып, жырдан шашу шашылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Мақтарал ауданында 5 ұлттық этно-мәдени орталықтар жұмыс істейді және 30-дан астам ұлттар мен ұлыстар ынтымақ бірлікте ымыраласып ғұмыр кешуде.

Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі