Мектеп құрылысын жүргізуде бірінші кезекте материалдардың сапасына мән берілуі керек. Сондай-ақ, білім ұясына қажетті құрал жабдықтар сатып алуда мердігер мекемелер сапасыз қытайлық заттарды тықпаламауы тиіс. Бүгін бұл туралы Жаңа ауыл және Ж. Нұрлыбаев ауылдық окруктеріндегі екі мектептің құрылыс жұмыстарымен танысқан Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті, — деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімі алдымен Жаңа ауыл округіне қарасты Ынтымақ елдімекеніндегі 600 орындық мектептің құрылыс алаңына аялдады. Мұндағы құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Білім ошағының жалпы сметалық құны 1 млрд 133 млн 644 мың теңгені құрайды. Қазір мұнда «Нүрі-Л- Жетісай ЖШС-нің құрылысшылары ішкі сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізуде екен.
Мердігер мекеменің басшысы Мұрат Байтелиев мемлекет тарапынан қаржы бөлуде ешқандай кедергі туындап отырмағанын жеткізді. Білім ошағын аралап көрген аудан басшысы мердігер мекемеге құрылысты кестеге сай жүргізіп, сапаға аса мән беру қажеттігін ескертті.
«Мемлекет қаржысына салынып жатқандықтан барынша сапалы әрі мығым құрылыс жабдықтарын пайдаланған абзал. Ең бастысы – асықпау керек. Құрылыс кестеге сай жүргізіліп жатқандықтан көзбояушылықтарға барудың қажеті жоқ. Ал аудан тарапынан қандай көмек қажет біз қолұшын беруге әзірміз», — деді Жамантай Қанайұлы.
Аталған мектеп алдағы желтоқсан айында ел игілігіне берілетін болады. Ғимараттың жалпы ауданы 6858,67 текше метрді құрайды. Мұнда асхана, кітапхана, акт және денешынықтыру залдары орналасқан. Егер құрылыс қарқыны дәл осылай жалғасса мердігер мекеме мектепті қазан-қараша айларында ел игілігіне тапсыруы да бек мүмкін.
Мұнан соң аудан басшысы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер ауылындағы 200 орындық мектептің құрылыс алаңына барды. Нысанның жалпы құны – 385 млн 699 мың теңге. Жаңа мектептің құрылысын «Талап Строй сервис» ЖШС жүргізуде. Іргетасы 2017 жылдың наурызында қаланған нысандағы құрылыс жұмыстары бүгінде бітуге таяу. Мердігерлер ғимаратты алдағы тамыз айында толық аяқтауды жоспарлап отыр екен. Аудан әкіміне ауыл тұрғындары бұрынғы ескі мектепті бұзбай қатар пайдалана беруге және жаңа мектепке кіре беріс қақпаны ретке келтіріп беруді өтінді. Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдаған аудан басшысы бұл мәселелерді тиімді шешуге уәде етті.