«Мерейлі отбасы-2018» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды

913

Отбасы — береке-бірліктің қайнары. Жақсылыққа құштар, жамандықтан жырақ әулет елге үлгі. Осындай ізгілік нұрын шашар отбасыларды дәріптейтін «Мерейлі отбасы» байқауы биыл да өтті. Осылайша облыстың үздік «Мерейлі отбасылары» анықталды.

Елбасының бастамасымен бесінші рет өткізіліп отырған байқауға әр аудан-қалалардың үздік отбасылары жиналған. Іріктеліп алынған екі отбасы туған аймағының намысын қорғауға келген, барлығы 30 отбасы жеңістен үмітті. Әрқайсысы шаңырақ шаттығының құпиясымен бөлісіп, мерейлі де мәртебелі атаққа лайық екендерін дәлелдеді.

Отыздың арасынан барлық талаптың үдесінен шыға білген екі отбасы республикалық кезеңге жолдама алды. Бірі — Қазығұрт ауданынан келген Момыновтар жанұясы болса, екіншісі Мақтарал ауданында тұратын Серікбаевтар әулеті. Екі отбасына да 1 миллион теңгеден қаржылай сыйақы берілді.

Сапарәлі Серікбаев, «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық байқауының облыстық кезең жеңімпазы: 

«Бұл байқау қазақ халқына нағыз керек. Мұны көрген әрбір азамат үлгілі отбасы болуға әрекет жасайды. Қазақтың барлық салт-дәстүрін бойына сіңіріп, жас ұрпақтарды осындайдан көріп дұрыс тәрбиелейді. Отанның негізі отбасынан басталады. Елін, жерін,  туысқандарын сүйетін азаматтар өсіп жетіледі. Ол біздің үлкен болашағымыз. Соның негізінде еліміз мықты болып қалыптасады. Сол жолда барлық әрекетті жасап жүрген азаматпын».

Сапарәлі Серікбаев өзінен тараған 10 шақты ұл-қызынан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Еңбек ардагері, мәдениет саласында 50 жылға жуық қызмет еткен. Балалары түрлі салада жұмыс істейді. Байқаудың басты мақсаты да көпке үлгі отбасының мәртебесін көтеру еді. Отбасы құндылықтарын қазіргі жас толқынға ұғындыру. Сондықтан болар байқауға қатаң талап, жіті іріктеуден өткен жанұялар ғана қатысты.

Балмаржан Нарбекова, облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы: 

«Бірінші кезекте әулет үлкен болу керек. Екіншіден бала-шағасы, немерелері білім, ғылым салаларында белгілі бір жетістікке жеткен дарын иелері болу керек. Ешқандай жаман әрекеттермен көзге көрінбеген, сотталмаған, мерейлі, береке-бірлігі жарасқан отбасы болу шарт».

Айта кетейік, өңірімізде жеті жүз мыңға жуық отбасы бар. Жыл сайын жиырма мыңдай жас отбасы шаңырақ көтереді. Еске салсақ, 2014 жылы ордалы Оңтүстіктің бәйгеге қосқан Бимаханбетовтар әулеті республикалық кезеңнің жеңімпазы атанып, мемлекет басшысының қолынан марапат алған.