Көктемгі шақыру барысында әскерге ОҚО -нан 2 мыңға жуық жігіт аттанады. Олардың 1 мыңға жуығы Ұлттық Ұлан гвардиясында борышын өтейді. Сарбаздар арасындағы әлімжеттікті болдырмау мақсатында бөлімдерде бейнекамералар орнатылған.

Биыл күнгейлік екі мыңға жуық азамат әскерге шақырылған. Көктемгі науқанда әскерге аттанғандардың 500-і шекара сапында, тағы бір бөлігі мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтейді. Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Талғат Әліқұловтың мәлімдеуінше, маусымның аяғына дейін тағы 1 мың жігіт Ұлттық Ұлан қатарына алынады. Олардың барлығы дерлік қала және аудандарда медициналық комиссиядан өткен. Өкінішке қарай, денсаулығында кінәраты барлары шақыртуға бара алмайды.

Талғат Әліқұлов, ОҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы: “Көру қабілеті нашарлар басым, компьютерде көп отырады. Осы жағын ата-аналар қадағаласа, балалары таза ауада көп жүріп, денесін шынықтыруы тиіс”.

Әскерге шақырылған жігіттер борышын мүлтіксіз атқарып келгені алдымен ата-анаға абырой. Ал олардың амандығы қорғаныс істері саласына жүктелген міндет. Алайда әскер қызметінде жүріп мерт болатындар да, түрлі қайғылы оқиғаларға тап болатындары да бар. Мұны жауаптылар жоққа шығармайды.

Ал баласын әскерге жіберуге қорқатын ата-аналарға алтын сырға тақты. Айтуынша, әлімжеттіктің алдын-алу мақсатында барлық бөлімшелерге бейнекамералар орнатылған дейді. Одан бөлек, жеке құраммен бірге тәрбиелік жұмыстар үздіксіз жүргізіліп, қолдау көрсетіліп отыратынын жеткізді.

Полковник жастарды әскерден қашпауға шақырады. Бұл азаматтың Отан алдынғы борышы, оған қиянат жасауға болмайды деп баса айтты. Сондай-ақ, әскерде қалып, қызметін жалғастырамын дегендерге де Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді.

Шынар Оразова