ОҚО-да Кәсіподақтар бірлестігі 8 мамандық бойынша  200 адамды оқытатын болады  

657

Ағымдағы жылдың 1 маусымынан қыркүйек айына дейін ОҚО кәсіподағының оқыту орталығында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жұмыссыз азаматтар тегін оқытылатын болады.

Онда 200-ге жуық адам қамтылып, оларды тоқымашы, аспаз, жүргізуші, жиһаз құрастырушы секілді 8 мамандыққа оқыту көзделуде. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның кәсіподақтар Федерациясы республикамыздағы ең саны көп ұйым саналады. Оның құрамында 18 салалық кәсіпқой одақтары бойынша жалпы саны 2 миллионнан астам мүшесі бар. Олардың ішінде 221 752 адам Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтары.

«Жалпы кәсіподақ бірлестігі барлық сала жұмысшыларының еңбекақы және қауіпсіз жұмыс жағдайы мәселелерін, еңбек демалысын дер кезінде алу мен өзге де мәселелерді шешу үшін бірігетін қоғамдық ұйым. Мәселен, 2008 жылы облыстағы жұмыс істеп тұрған 16 000 кәсіпорынның ішінде тек 1 853-інде ғана өз жұмысшылармен келісім-шарт жасалған. Бұл – 11,6 пайыз деген сөз. Ал қазіргі таңда құрамында кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар мен ұйымдардағы ұжымдық келісім-шарт жасасу үлесі 42 пайызды құрап отыр», — деді Берік Айдарбекұлы.

Осыған байланысты 2018-2019 жылдары «Еңбек келісім-шартын жасаңыз!» атты республикалық акциясы өтетін болады. Оның мақсаты — жасырын және қалыптан тыс еңбек қатынастарын қысқарту, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін көтеру болмақ.

Айта кетерелігі, кәсіподақ жарналары бойынша қаражаттың орта есеппен 70 пайызы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында қалып, ал 30 пайызы кәсіподақ аппаратының қалыпты жұмыс істеуі үшін облыстық және республикалық деңгейдегі кәсіподақтарға бөлініп келеді.

«Бастауыш кәсіподақ ұйымдары өздерінің кәсіподақ жинақтарын өз ұжымындағы кез-келген іс-шараға жұмсауға құқылы. Бұған дейін әлеуметтік төлемдер кәсіподақтарға бағытталып, ұйымдар жұмысшылар үшін жолдамаларды сатып алып, оларды өз бағасынан 90 пайыз арзан немесе тегін таратып келді. Айта кетейік, өткен жылы 10 салалық кәсіподақта 4100 адам сауығуға жолдама алған. Оның ішінде 3000-ға жуық жолдама ОҚО білім беру және ғылыми қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетіне тиесілі, ол мақсатта 160 миллионнан астам теңге бөлінген болатын», — деді Берік Бекжанов.

Сонымен қатар, өңірдегі кәсіподақ бірлестігі облыстық сотпен әріптестікті жалғастыратын болады. Бұл тұрғыда жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау мақсатында аумақтық кәсіподақ орталығында іс-шаралар жоспары түзілген. Оның бірінші бағыты бойынша татуластыру қызметтері орталығын құрып, еңбек дауларын сотқа дейін шешу болмақ.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі